Терможаңғыртудан тағы да шу шықты
Қаратаев көшесі № 21 үйдің тұрғындары терможаңғыртылған пәтерлерінен кінәрат тапты. Көпқабатты үй былтыр мемлекеттік бағдарлама бойынша 42 млн теңгеге жөнделіпті. 64 пәтердің иелері жөндеумен айналысқан мердігер компания жұмысшылары өз істерін дұрыс аяқтамады деп отыр. Мына Қаратаев көшесі № 21 үйдің сырт келбеті әп-әдемі. Көк шатырлы, сарыға боялған 4 қабатты үй 1960 жылы салыныпты. Онда тұратын тұрғындар бұл үйді терможаңғырту емес бұзуға жіберу қажет деп есептейді. Әйткенмен бірнеше жыл бұрын әкімдіктен келген арнайы комиссия өзгеше шешім шығарыпты. Сондықтан 42 млн теңгеге 64 пәтерлі үйдің төбесі ауыстырылып, қабырғалары жөнделген. Мердігер компания алғашқы келісім-шарт құжаттарына айына әр пәтерден 1900 теңге төлеу қажеттігін тайға таңба басқандай жазып та берген. Қажетті соманы төлеу мерзімі 10 жыл. Осы үйдің 29-пәтерінің тұрғыны Светлана Сагдиеваның айтуынша, жөндеу жұмыстары 2012 жылдың қараша айында аяқталыпты. Тұрғындар қыс бойы тоңып шыққан. Ал жауған жауыннан төбеге жиналған су оларды әбден әбігерге салыпты. Бұл мәселе бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысына хабарластық. Мекеме басшысы Жұлдызбек Бисембин аталған үйде терможаңғырту сәтті жасалды деп отыр. Оның айтуынша, мердігер компания жұмысты тұрғындардың келісіммен бастады. Соған сай жұмыс күндіз де, түнде де жүргізіліпті. Мерзімінен кешіктірмей бітірді де. Ал жөндеуді тұрғындар мен инспекциядан бөлінген топ бақылаған. Тұрғындар мердігер компанияның жасаған жұмысына наразы болғандықтан ай сайынғы ақшаны бірауыздан төлемеуге бел буыпты. Шарт бойынша бірінші төлем 2013 жылдың ақпан айынан басталуы тиіс болған. Ал осы үйдің тұрғыны Валентина Дикқа облыстық соттан шақырту келіпті. Шақыртуда мердігер компанияға 653 мың теңге бережағы бар екені ескертіліпті. Онсыз да ашулы тұрғындарға бұл - жығылған үстіне жұдырықтай әсер етіп отыр. |
Количество показов: 2234
Дата создания: 04.09.2013 18:52:10