Терможаңғыртудан түк пайда жоқ
Терможаңғырту тәп-тәуір ойластырылған бағдарлама. Билік пен халықтың күшін біріктіру арқылы тұрғын үйлерді жарақтандыруға бағытталған түпкі мақсаты да белгілі еді. Алайда жөндеуді мойындарына алған мердігер компаниялардың жауапсыздығынан бағдарламаның беделі жоғалуға жақын. Бұған Чекалин көшесі №30 үйдің "Б" ғимаратындағы қазіргі жағдай мысал. Осы жатақхананың жөндеу жұмысы "Авиал и К" атты мердігер компанияға сеніп тапсырылған. Сенген серкелеріміз бюджеттен жөндеу жұмысына деп алған 25 миллион теңгені қалай, қайда жаратса да жаратты. Ал сандарын соғып, тақырға отырып, қарызға белшесінен батып қалған тұрғындар ғана. 25 миллион теңге қарызды 7 жыл бойы мемлекетке қайтаратын да осы тұрғындар. Бұл ретте мемлекеттің есебі түгел. Тұрғындар ешкімнің қысымынсыз терможаңғырту бағдарламасына қатысуға өз келісімдерін берді. Бюджеттен қаражат бөлінді. Мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын жүргізді. Енді ақша мемлекетке қайтарылады. Міндетті түрде. Соттың араласуымен болса да. Ешкім ешқайда қашып құтыла алмайды. Ал жөнделген үйді күтіп ұстай алмаса тұрғындардың өз кінәсі. Қалалық тұрғын үй инспекциясының ұстанып отырған қағидасы осындай. 5 қатарлы, екі подъезді жатақхананың табалдырығынан төріне дейін адам көретін сиқы жоқ. Есіктер ырым-жырым. Әрқайсысы 12 мың теңге тұратын мұндай есіктерді сындыруға кімнің жұдырығы барды екен. Мердігер мекеме тұрғындардың сұрауы бойынша дәліздерді көк бояумен сырлаған. Бірақ, қабырғаларды алдымен тазартып алуға ерінген. Жаңадан жағылған көк бояу бұрыннан қалған жасыл сырмен қоса сыпырылып түсіп жатыр. Қаланың бас тұрғын үй инспекторы Жұлдызбек Бисембин қабырғалардың бұлайша суланып, төбеден су кетуі жатақхана ішінде гидроизоляцияның жоқтығынан дейді. Гидроизоляция орнатпай, жатақханаға жөндеу жұмысын жүргізудің бекер екенін құрылысшылар да, тұрғын үй инспекциясы да білді. Еңбектерінің зая кетерін біле тұра, тұрғындардың ұсынысын қабылдады. Жатақхананың жобалық-сметалық құжатқа енбеген, бірақ, дереу жөндеуді қажет ететін бөліктері де бар. Жатақхана тұрғындарының жуынатын бөлмелері жұмыс жасамайды. Есіктеріне қара құлып салынған. Ал балкондары мүлдем құлап түскелі тұр. |
Количество показов: 2353
Дата создания: 12.09.2012 19:51:57