Теміржол және әуежай қызметкерлерін жаппай вакцинациялау жүргізіледі
Бүгінгі дөңгелек үстелде теміржол және әуе саласының қызметкерлеріне коронавирустан сақтанудың бірден бір жолы айтылды. Өңірдегі көлік саласындағы ірі мекемелердің басшылары ковидтен сақтанудың жалғыз жолы- жаппай вакцина қабылдау деп отыр. Оған теміржол саласындағы қызметкерлердің қарсылығы жоқ секілді. Себебі эпидемиологтардан кеңес алу үшін дөңгелек үстелдің өтуіне жұмысшылардың өздері мұрындық болған. Тіпті қай уақытта, қандай екпе егілетіндігі туралы хабарласып сұрағандары болыпты. Кездесуде көліктегі санитар дәрігерлер қатерлі жұқпалардан сақтану жолдарын баяндады. Қызметкерлер алда аудандарда да осы тақырыпта кездесу өткізбекші.
Облыста теміржол бойында 86 ірілі-ұсақты разъезд бекеті орналасқан. Әуе және темір жол қатынасы саласында облыс бойынша 19 мыңнан аса маман бар. Пандемия басталған уақыттан қазірге дейін 27 қызметкер коронавирусқа шалдыққан. Оның 70%-ы аурудың симптомсыз түрімен сырқаттанып, жұмысқа қосылған. Мамандарды жаппай вакцинациялау науқаны дәл қай мезгілде жүргізілетіні нақты белгісіз. Жұмысшылардың толық ақпаратпен танысуы мақсатында әлі де санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізілетін болады. Аудан, ауыл қызметкерлері үшін онлайн-кездесулер ұйымдастырылмақ.
Количество показов: 764
Дата создания: 04.03.2021 20:00:47