Теміржол вокзалының алдында көлік тұрағы салынады
Ақтөбе теміржол вокзалы алдында қазіргі заманның талабына сай келетін көлік тұрағы пайда болады. Қазір ұзақ жылдардан бері көліктер бей-берекетсіз қойылатын аумақ әспеттеліп, қоршалуда. Көліктер үшін жолдар сызылып, такси қызметі, жеке тұлғалардың темір тұлпарлары үшін орындар белгіленуде. Қыркүйек айы басталғалы қаланың ескі бөлігінде көлік жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе Әкімжанов, Шернияз, Смағұлов, Уәлиханов, Кереев көшелеріндегі жұмыстар бір мезетте жүргізіліп жатқандықтан көліктердің жүріп-тұруына қиындық келтіріп-ақ тұр. Ескі қаланың орталығы саналатын теміржол вокзалы аумағында да кептеліс. Бұл- темір тұлпар тізгініндегі жүргізушілер үшін үйреншікті жағдай. Дегенмен мына жердегі құрылыс жұмыстары қазан айының соңына таман аяқталып, заманауи көлік тұрағы пайда болады. Қопарылған асфальттар тегістеледі. Жөндеумен айналысып жатқан "Ақтөбегордострой" ЖШС-гі тұрақтың жанындағы жылу құбырларын да ауыстырады. Адам танымастай өзгеретін көлік тұрағы қазан айының соңында ашылуы тиіс. Жоспар бойынша 300 орынға шақталады. Көліктер бір бағыттан кіргізіліп, екінші бағыттан шығарылады. Мұның бары арнайы сызықтармен көрсетіледі. Қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Руслан Төреғалидың мәлімдеуінше ескі қаладағы жолдарды жөндеуге, көлік тұрағын кеңейту мен әспеттеуге бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Тұрақ ашылғасын вокзал маңындағы бей-берекетсіздік бір жүйеге келмек. |
Количество показов: 2156
Дата создания: 24.09.2013 19:14:43