Теміржол вокзалына тағы да жарылғыш зат қойылды
Тәртіп сақшылары таксафоннан лаңкестік жөнінде жалған ақпар берген әйел адамды іздестіріп жатыр. Еріккен келіншектің кесірінен теміржол вокзалының қызметі 1 сағатқа жуық уақытқа кідірді. Абырой болғанда пойыздар кестесіне өзгеріс енгізілген жоқ. Жолаушылар да жолынан қалмады. Бірақ, жарылғыш затты іздеу жұмыстарын жүргізген құзырлы органдар мен құтқару қызметтері бірталай шығынға батты. Вокзал маңы қоршауға алынып, ғимарат ішінен 200-ге жуық адам қауіпсіз аумаққа көшіріліді. Вокзалдың жертөлесінен бастап шатырына дейін барлығы алты қабат тексерілген. Әйел адамның темір жол вокзалына жақын орналасқан таксафондардың бірінен қоңырау шалғаны белгілі. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу-тексеру жұмыстарымен Ақтөбе стансасындағы желілік ішкі істер басқармасы айналысып жатыр. Желілік полиция бір ай ішінде осындай 3 жағдайдың тіркелгендігін айтады. Оның бірі халықаралық әуежайда, екеуі темір жол вокзалында. Елде лаңкестік туралы әдейі жалған ақпарат бергендерге жаза қатаңдатылды. 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ақтөбелік "жалған лаңкестердің" бірі бүгінде 5 жылға бас бостандығынан айрылып, темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатыр. Тағы бір келіншек жақында үш жылға сотталды. Бірақ, бұл да сабақ болмай тұрған сыңайлы. |
Количество показов: 2043
Дата создания: 27.06.2013 18:46:26