Теміржол ауруханасынан науқас жоғалды
Теміржол ауруханасының дәрігерлері аң-таң. Денсаулығының нашарлауына байланысты 15 мамыр күні ауруханаға жеткізілген 20 жастағы Әйтеке би ауданының тұрғыны 20-мамыр күні ізім-қайым жоғалған. Осымен екінші тәулік Абай Жарылғаповтың туған-туыстары оның қайда екенін білмейді.
20 жастағы Абай Жарылғапов Әйтеке би ауданының тұрғыны. Туыстарының сөзінше, күзде әскерден келіп, Хромтау ауданындағы "Жастар" кенішінде жұмыс жасай бастағанына 3-4 күн болғанда денсаулығы күрт нашарлап, Ақтөбеге жеткізілген. 15-мамыр күні жігіт теміржол ауруханасының хирургия бөліміне жатқызылады. Диагноз қою үшін медициналық тексеру тағайындалып, жігіттің тоқ ішегінен кінәрат анықталған. Бірақ, ауруханада жатқанына 5 күн болғанда, яғни мамырдың 20-сы күні Абай Жарылғапов аяқ асты жоғалып кетеді. Абайдың туыстарының сөзінен ұққанымыз, ұялы телефоны сөндірулі. Жеке заттарын ауруханада қалдырған. Дәрігерлер науқастың заттарын кейін туыстарының қолына табыстаған. Жігіт сөйлей алмайды, дәретке шыға алмайды және жүріп-тұруы қиын болатын. Бұны да туыстары телефон арқылы хабарлады. Бүгін хабар болмағанына екінші тәулік. Іздестіру жұмысына полиция да қосылды. Облыстық ішкі істер департаменті Абай Жарылғапов туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.
|
Количество показов: 2415
Дата создания: 22.05.2013 18:34:29