Тазалықтың екі айлығына белсене араласқан қарғалылық еңбек ұжымдары марапатталды
Мереке Қарғалы селолық округінің орталығы Қарғалы ауылында да өтті. Тұрғындар селолық округ әкімдігі ауласына жиналды. Мұнда әкімдік, "Геолог" мәдениет үйі, мектептер күшімен дайындалған концерттік бағдарлама жұрт назарына ұсынылды. Қарғалы селолық округі әкімдігінің ауласына әдеттегіше ауылдықтар ертелете жиналды. Күйбең тіршіліктің қамы емес, қазақстандықтардың ынтымақтастығы күнін бірге мерекелетуге. Таңғы онда ауыл ақсақалдары концерт алаңындағы алдыңғы орындықтарға жайғасып болған. Жиналғандардың тағатын тауыспай, бағдарлама да басталып кетті. Ауылдық округ әкімі алдымен мерекеге құтты болсын айтты. Қалада тазалықтың екі айлығы акциясы өтіп жатқаны белгілі. Бүгінгі шараны пайдаланып, Алмаз Әлімбаев осы жұмыста белсенді көрініп жүрген еңбек ұжымдарына алғыс хаттар табыстады. Барлығы 9 мекеме. Олардың арасында жеке кәсіпкерлік, мектеп, №18 өрт сөндіру бөлімі, Ақтөбе заң институты, Есет батыр атындағы мектеп-лицей, гуманитарлық колледж бар. Бүгінгі концерттік бағдарламаны да селолық округ әкімдігі, "Геолог" мәдениет үйі және М. Арын атындағы Қарғалы орта мектебі, №53, 41-мектептер бірігіп дайындаған.
Бүтін облысқа танылып болған Қарғалының "Асыл әжелері" ауылдың алты ауызын шырқаса, олардың мектепте оқып жатқан немерелері түрлі ұлыстың биін билеп, сахнананың сәнін келтірді.
|
Количество показов: 2247
Дата создания: 01.05.2013 15:42:26