Табиғи қуат көздерінен жылытылатын ғимарат салынып жатыр
Күн, жел, геотермалды жерасты сулары. Елімізде тек табиғи қуат көздерін пайдаланатын үйлер салынып жатыр. Энерготиімділік орталықтары деп аталатын ғимараттар әзірге үлгі ретінде Қазақстанның үш қаласы: Алматы, Астана мен Ақтөбеде тұрғызылуда. Олар - қуат үнемдейтін технологияларды қалың көпшілікке таныстыратын алаң болып, осы саладағы мамандарды оқытатын орталықтарға айналады. Ақтөбедегі энерготиімділік орталығы "Нұр Ақтөбе" ауданы маңында орналасқан. Аумағы 3 мың 100 шаршы метр. Қазір нысан 70 пайызға дайын. Ішкі сылақ жұмыстары жүруде. Содан соң, ғимарат күн энергиясын сіңіретін әйнектермен қапталады, төбесіне күн, жел генераторлары қондырылады. Алдымен, зәулім ғимарат қалай жылытылады? Жоба жетекшісі Орынғали Мұқашевтың айтуынша, нысанның төбесіне оңтүстікке қарайтындай етіп күн панельдері орнатылады. Астына энергия жинақтаушы қондырғы қойылады. Күні бойы күннен қуат алған жылу жинақтағыш құрал жертөледегі арнайы ыдыстарға құйылған суды ысытады. Ысыған су жылыту жүйелері арқылы бүкіл үйге таралады. Нысанды жылыту геотермалды жерасты суларының есебінен де жүргізіледі. Энеркотиімділік орталығында екі ұңғыма бар. Жер астынан шыққан ыстық су қыста үйді жылытса, жазда керісінше салқындатады. Ауа баптағышқа кететін электр энергиясы үнем. Электр қуаты мұнда газ турбинасы мен жел генераторының көмегімен өндіріледі. Біріншісі, кем дегенде 70 киловатт энергия берсе, кәдімгі желдің күшімен күніне 12 киловатт электр энергиясын алуға болады. Энерготиімділік орталығы жыл соңына дейін салынып болуы тиіс. Құны 800 миллион теңгені құрайтын жоба күтілгендей нәтиже берсе, бұл технология елімізде тұрғын үй құрылысына қолданылатын болады. "Қазақстан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы орталығы" АҚ-ның Ақтөбедегі филиал директоры Кенжетай Мұқановтың айтуынша, баламалы энергия көздерін пайдаланып шамамен 30 пайыз энергияны үнемдеуге мүмкіндік туып отыр. Бастысы - біз мұнай, газ секілді таусылатын табиғат байлығына тәуелділіктен арыламыз. |
Количество показов: 3056
Дата создания: 02.09.2013 18:50:37