Тұңғыш президент атындағы саябақ-ұлттар мен ұлыстар ордасына айналды
ҚР тұңғыш президенті атындағы орталық саябақ - мерекенің басты алаңына айналды. Бірлік мерекесін облыстағы түрлі ұлттар мен ұлыстар тойлады. Ұлттық мәдени орталықтар өз мәдениеті мен өнеріп паш етті. Берекесі ұйыған Қазақстанда тұрып жатқандарын мақтан етті. Қазақстан халықтарының бірлігі күніне ұлттық мәдени орталықтар ерекше дайындықпен келген. Ұлттық нақыштағы киімін киіп, саябаққа жиналғандар арасында өнер көрсетті. Облыстық ассамблеяда 18 этно орталық, 6 жексенбілік мектеп мемлекеттік және ұлттар тілдерін оқытады. Барлығында көркем шығармашылық ұжым бар. Оның жетеуі - халықтық, біреуінің үлгілі атағы бар. Сондай-ақ, облыстық «Достық» үйінде Ассамблеяның 13 жастар клубы жұмыс жасайды. ҚР тұңғыш президенті атындағы орталық саябақтағы ұлттар фестиваліне он сегізі түгел қатысты. Ақтөбеліктерге Орынбордан арнайы келген филармония ұжымы ән-жырдан шашу шашты. Болгарлардың "Вьяра" орталығы жанынан құрылған бишілер тобының 15 қызы бүгін мың бұрала биледі. Көркемдік жетекшісі Анастасия Подольянованың айтуынша, облыста 1000--нан астам болгар ұлтының өкілі бар. Олар Алға ауданындағы халық арасында Болгарка атанып кеткен елді мекенге қоныстанған. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы бүгінгі мерекеде қала тұрғындары өзге ұлт өкілдерінің тұрмысымен, тарихымен жете таныссын деген мақсатпен арнайы көрме ұйымдастырды. Қызығушылық танытқандар көп болды. Өзбек, ұйғыр, татар, кәріс ұлттарының қолөнер бұйымдарымен танысты. Мерекелік салтанат "Мега" сауда-ойын сауық орталығының алдында жалғасты. Қаладағы жоғары оқу орындарының өнерпаздары күй тартып, би биледі. Қалалық атқарушы биліктің қала халқы мерекеде бір серпілсін деген ұстанымына тек "Мега" сауда-ойын-сауық орталығының күзет қызметі ғана қырын қараған сияқты. Түсіру тобының мерекелік концертті таспаға жазуына үзілді-кесілді қарсылық танытты. |
Количество показов: 2167
Дата создания: 01.05.2013 15:44:08