Тұтынушы, құқығыңды біл!
Тұтынушы құқығы жиі бұзылады. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысы Жұмамұрат Алдашевтің айтуынша, сатып алушылардың 87 пайызы өз құқықтарын мүлде білмейді. Сауда орындарының өзінде қызмет көрсету кезінде олқылық кеткенін байқағанмен адамдар өз позициясын қорғап та шыға алмайтын көрінеді. Әйткенмен елімізде заң қатайды. Бүгін сенаттың пленарлық отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында заң актісіне өзгерістер енгізу мақұлданды. Яғни, сатушы мен сатып алушы арасындағы дауда тұтынушы жеңілсе, әрі қарай құзырлы органдардың көмегіне жүгінуге болады. Бірақ, алдымен департаментке, ыстық желі телефондарына хабарласу қажет. Бұл жерде тұтынушы құқығы өрескел бұзылғандығы дәлелденсе, кәсіп иесі өте үлкен сомада айыппұл төлеп, екінші қайтара мәселе көтерілетін болса, заң алдында жауап бермек.
Өткен бес айда департамент қызметкерлерінің көмегіне жүзден аса ақтөбелік жүгінген. Карантиндік режимге байланысты тұтынушылар арнайы сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы арыз-шағымдарын қалдырған. Айта кетелік, бұдан былай ел бойынша тұтынушы құқығын сақтауды мақсат еткен жедел хабарлау орталығы пайда болмақ. Электронды қызмет атқаратын орталыққа өтініш-шағымдарды смартфон арқылы жолдауға болады. Түскен шағымдарды құзырлы орган мамандары бақылап отырады. Арнайы порталға қызмет көрсету нысандары тіркеле алады.
Количество показов: 858
Дата создания: 11.06.2020 18:38:39