Түркиядағы жағдай ақтөбеліктердің сапарына кері әсер ете қойған жоқ
Түркияның тынышы қашып жатса да, ақтөбеліктер жазғы демалысын дәл сол жақта өткізуден бас тартпай отыр. Туристер санының артқандығы сонша, саяхат фирмалары Ақтөбе-Ыстамбұл бағытына аптасына бес мәрте тікелей ұшақ жалдауға мәжбүр. Бұрын жазғы демалысын шетелде өткізу- бай-бақуатты, тұрмыс жағдайы жоғарыларға ғана қолжетімді деген түсінік болса, қазір - бұл қате пікір. Қаламыздағы туристік фирмалардың бірінің директоры Василий Смеляковтың айтуынша, соңғы уақытта елден ұзап шығатындардың саны әлдеқайда артқан. Бұған халықтың әлеуметтік жағдайының артқандығы, бір жағынан жолдамалар бағасының қолжетімділігі де себеп. Мысалы, жолдама бағасы- 500 доллардан жоғары. Құны турист таңдаған қонақ үйдің жұлдызына байланысты. Мамыр айында тіпті, 350 доллардың жолдамасы болған. Қыркүйек айына қарай, баға жоғарылайды дейді туроператорлар. Ақтөбеліктер арасында, әсіресе, Түркияға сұраныс үлкен. Тіпті, түріктердің дүркін-дүркін көтеріліп, наразылық шеруін өткізіп жатқанынан да ақтөбеліктер қорқып отырған жоқ. Қазір бір ғана туристік фирманың жолдамасымен Түркияның Анталия, Белек, Сиде туристік аймақтарында 1200-ге тарта адам демалып жатыр. Түркияға қайта оралсақ. Мамыр түріктер үшін жайсыз басталды. Гези саябағындағы ағаштарды кесіп, орнына сауда орталығын тұрғызуға қарсы басталған наразылық бір аптаның ішінде қарқын алды. Туристік фирмалар өкілдері үкіметке қарсы шеру Анкара, Стамбұл қалаларымен шектелді дегенімен, шетел, түрік БАҚ-тары Анталия,Измир мен Бодрум да толқып тұрғандығын жазып жатыр. Нарызылық акциясы Түркияның 80 провинциясында өткен. Түркия ішкі істер министрлігі жаппай тәртіпсіздіктерден келген шығын 40 миллион долларға жеткенін мәлімдеді. Үш мыңдай адам зардап шеккен. Бір-екі күннің ішінде Түркиядағы жағдай қалыпқа түседі, ел тынышталады. Қазір түрік үкіметі соған тырысып жатыр дейді Түркияның Стамбұл университетінде «Бұқарамен байланыс» мамандығы бойынша докторонтурада білім алып жатқан қазақстандық Ержан Төлек. Түркияда білім алып жатқан, сонда тұрып жатқан отандастарымыз бір-бірімен байланысып, жағдайларын сұрастырып отыр. Шеруге шыққандардың талабы саяси сипат алды. Ендігі талап - Режеп Тайып Ердоған бастаған үкіметтің отставкаға кетуі. Ал еліндегі жағдайға қарамастан Солтүстік Африкада іссапармен жүрген түрік премьер-министрі баспасөз мәслихаты кезінде "Түркияда жағдай түзеліп келе жатыр, жуық арада бәрі де қалпына келеді" деп мәлімдеген. |
Количество показов: 2271
Дата создания: 05.06.2013 19:13:46