Тұрғындар тиым салынған жерлерде шомылуда
Аптап ыстыққа шыдамаған жұрт жағажай жағалап жүр. Бір алаңдататыны- балалар суға түсуге тиым салынған жерлерде шомылуда. Оларды қадағалап жатқан құтқарушылар, не ересектер жоқтың қасы. Кірпіштінің тұсында ағып жатқан Елек өзенін тұрғындар жайлы жағажайға айналдырған. Әсіресе, шіліңгір шілдеде демалуға таптырмайтын орын. Жолшыбай суға тиым салынған белгі тұрғанына назар аударып жатқан ешкім жоқ. Ересектер жағы жеңіл көліктерін жағаға қаңтарып қойып, көңілді басқосуларын жалғастыруда. Бұл орынның ресми жағажай емес екенін балалар да біле тұра, күніне екі-үш мәрте келіп шомылатындықтарын жеткізді. Ақылы жағажайға бару тиімсіз, әрі қашық дейді олар. Құтқарушылар жыл сайын шомылу маусымы басталғаннан тиым салу белгілерін орнатады. Алайда өте қауіпті тұстардағы белгілердің жартысы жаздың соңына дейін жоқ болады. Басын бәйгеге тіккендер оларды сындырып кетеді, не мүлдем көзден ғайып қылып тынады. Бұл ағысы қатты, табаны терең жерлерде алаңсыз шомылу үшін жасалатын әрекет. Құтқарушылар дабыл қаққанымен, сөзге құлақ асатындар аз. Қала аумағында ресми түрде жұмыс жасайтын 8 жағажай бар. Ол жерлерде құтқарушы мамандар жұмыс жасайды. Кіру-ақылы, құны әр жағажайда әртүрлі. Жыл басынан бері облыс бойынша 5 адам суға кетіп, қайтыс болды, оның үшеуі-бала. |
Количество показов: 2576
Дата создания: 09.07.2013 18:25:56