Тұрғын үй құлағалы тұр
Жеңіс даңғылы бойында орналасқан №33 үй тұрғындарының тағы да тынышы қашты. Жаңбырда үйдің төбесінен аққан су шатырдан өтіп бірінші қабатқа дейін жеткен. Жертөлелерінің жағдайы да мәз емес. Жарықтың жоқтығы да жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Жеңіс даңғылының бойындағы бұл 3 қабатты үйдің іргетасы 1958 жылы қаланған. Алайда осы 60 жылға жуық уақыт ішінде аталмыш үйге жөні түзу жөндеу жүргізілмепті. Үйдің қазіргі жағдайын жай сөзбен айтып жеткізу қиын. Қабырғасы сөгіліп, шұрық-тесік шатырдан жаңбыр суы төгіліп тұр. Жертөленің де жағдайы мәз емес. Қысы-жазы сасық су мен шыбын шіркейден арылмайды. Ал үйдің төбесін жапқан белдік тас көп ұзамай бел ортасынан бөлінетін түрі бар. Құлағалы тұрған қабырға мен тесілген шатырдың жырын айтып үй тұрғындарының бармаған жері қалмапты. Қырық адам қол қойып қала басшысы Ерхан Омаровқа да хат жолдаған. 2003 жылы бұл үйді Ақтөбенің атқарушы билігі апатты деп танып, қала қазынасынан қаржы бөлдіріп төбелеріңізді жөндеп береміз деп те уәде еткен. Басшылар берген ол уәдеден кейін де 10 жыл уақыт өтті. Алайда баяғы жартас сол бір жартас күйінде қалды. Тұрғындардың айтуынша аталмыш үй қала әкімдігінің балансында болмағандықтан, ешқандай құзырлы мекеменің бас ауыртқысы жоқ. Сондықтан да қала басшыларынан көңілі қалған көпшілік енді елбасыдан көмек сұрамақ. Қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Жұлдызбек Бисенбин болса бұл үйдің мәселесі бойынша бірде бір тұрғынның кеңсесіне келмегенін, жазған хаттарын да өз көзімен көрмегенін алға тартты. |
Количество показов: 2103
Дата создания: 01.08.2013 18:17:46