Түрік саяхатшылары Ақтөбеге ат басын тіреді
Түркиядан сәлем! Стамбулдан Токиоға жол тартқан түрік саяхатшылары біздің қалаға тоқтады. Мұрат Окияр, Женк Ер Оқтал және Седат Босқұрт мотоциклмен жүр. Саяхатшылар сапарының мақсаты - күллі түркі жұрты қоныстанған жерлерді көру. Жиһанкез Мұрат Окияр мамандығы бойынша инженер-механик. Ежелгі түркі жұрты мекендеген иен даланы көру - Мұраттың асыл арманы болатын. Екі досы: Женк Ер Оқтал мен Седат Босқұрттың қолпаштауымен тәуекел етіп, сапарға шықты. Жанға жайлы ұшақпен емес, жол азабын тарту үшін жолдастар мотоцикл мінді. Грузия, Владикавказ, Астрахань асып, Атырау арқылы кеше түнде Ақтөбеге жетті. Стамбулдан Ақтөбеге дейін 3 мыңнан астам шақырымды жолаушылар сегіз күнде еңсерген. Қаладағы дәмханалардың бірінен тамақтанып, тыныстаған жиһанкездер ақтөбелік аспаздардың тағамды шебер әзірлейтінін айтып, тамсанды. Ал, меймандарды ерекше таңқалдырғаны - қаладағы мешіттердің сәулеті. Түбі бір түркі халықтары: қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен және монғолдар мекен еткен жерлерді аралау үшін саяхатшылар әлі бір айдай уақыт сапарлайды. Ресейдің Алтай өлкесіне, Монғолия мен Кореяға соқпақшы. Саяхаттың соңғы нүктесі - Жапонияның Токио қаласына жеткен соң, жиһанкездер ұшақпен Стамбулға барады. Ал, бүгін жолшылар азық қорын қамдап алып, түс ауа Қостанайға аттанып кетті. |
Количество показов: 2082
Дата создания: 01.07.2013 17:49:36