Түнгі клубтың күзетшісі Эмиль Кенжесариевті ұрғанын мойындады
Алматыда Ақтөбенің беделді футболшысы Эмиль Кенжесариевті ұрды деген күдікпен түнгі клубтың күзетшісі ұсталды. Құқық қорғау органының мәліметіне сүйеніп "Интерфакс -Қазақстан" агенттігінің хабарлауынша, күдікті 20 жастағы күзетші. Жауап алу кезінде ол мас күйі көшеде таныс емес жігітпен сөзге келіп, басынан ұрғанын мойындаған. Әйтсе де әзірге полиция тек күдіктінің нұсқасына ғана қанық. Тергеу жалғасып жатыр. Күдіктінің айтуынша, ол Эмильді таңғы 6-да Алматыдағы мейрамханалардың бірінің жанынан кездестірген. Футболшы сол сәтте есін білместей мас күйде болған. Караоке-барға ақша төлеуден бас тартқаны үшін бас күзетшімен сөзге де келіпті. Сондықтан мейрамхана жанында күдікті мен Эмиль арасында кикілжің туып, төбелескен. Оларды өзімен бірге отырған спортшының таныстары ажыратып алады. Күдікті жауап алу кезінде Эмильмен жеке бас келіспеушілігі болмағанын айтқан. Дерекке сәйкес, күдікті Алматыдағы караоке-барлардың бірінде күзетші болып жұмыс жасайды. Бұрын бокспен айналысқан. Белгілісі Эмиль төбелестен соң таксиге отырып кетіп қалған. Сондай-ақ мәліметте Эмиль отырған таксидің жүргізушісінен жауап алынғаны айтылады. Ол жігіт көлікке отырған бойда ауырғанын айтқан. Футболшы Абылай хан мен Жамбыл көшелерінің қиылысынан түсіп қалады. Одан кейін тағы да шабуыл жасалды ма, жоқ па полиция анықтау үстінде. Қазір Алматыда 26 жастағы футболшы Эмиль Кенжесариевті сабап кетуге байланысты "Бұзақылық" бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Футболшы жазылып шыққасын сот-медициналық сараптама тағайындалады. Қылмыскер 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметкері Ермек Болтаевтың хабарлауынша, футболшының құжаттары мен ұялы телефоны, қалтасындағы қаражаты ұрланбаған. Күдікті қамауда. |
Количество показов: 1985
Дата создания: 21.08.2013 18:43:58