Тіл жанашырлары марапатталды
"Рика ТВ" телеарнасы - үздіктер қатарында. Бүгін Қазақстан Республикасы халқының тілдері мерекесіне арналған салтанатты жиында біздің арнаның шығармашылық ұжымы мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін марапатталды. Облыс бойынша қазақ тілін меңгергендердің үлесі- 81,5 пайыз. Аз ба, көп пе? Салыстыру үшін ресми тілде сөйлейтіндердің үлес салмағын қарасақ, жетіп жатыр. Орыс тілін меңгергендердің үлесі- 91,5 пайыз. Соған қарамастан, жыл санап мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндердің саны көйбейіп келеді. Бұл туралы бүгін облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева айтты. Салтанатты шарада ұлттық-мәдени орталықтар өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Жастар "Біз Қазақстан патриоттарымыз" атты флешмоб ұйымдастырды. Облыстық мемлекеттік тіл байқауы жеңімпаздарының есімі белгілі болды. Мерекелік шарада мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге белсене қатысқан бір топ тіл жанашырлары облыс әкімі орынбасарының, басқарма басшысының Алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Құрметке лайық болғандардың арасында біздің арнаның шығармашылық ұжымы да бар. "Сөз сарасы" хабары "Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары" номинациясында жеңімпаз болса, қазақ тілінің қолданыс аясын БАҚ-та кеңінен насихаттаған "Тәулік" ақпараттық бағдарламасының еңбегі еленді. Облыста тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне өз ана тілдерімен қоса, мемлекеттік тілді оқып-үйренуіне жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Осы мақсатта 2005-2013 жылдар аралығында облыстық қазынадан облыстық тілдерді дамыту басқармасы арқылы35 млн теңге бөлінген. |
Количество показов: 2141
Дата создания: 20.09.2013 19:04:45