Су тарату жүйелері жаңартылып жатыр
Қалада инженерлік-коммуникациялық желілер мен су тарату жүйелерін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жеңіс даңғылынан 312 атқыштар дивизиясы даңғылына дейінгі аралықтағы су құбырлары ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстарына байланысты демалыс күндері аталған көшелерде уақытша көлік қозғалысы тоқтатылады. №11 сорғылау бекетінен Ақтөбе жылу электр орталығына дейінгі аралықтағы су тарату жүйелерін жаңалау "Актобеспецстрой" ЖШС-не жүктелген. Аталған аумақта жөндеу мамыр айында басталған. Компания директоры Дмитрий Сербиннің айтуынша, жұмыстың 50 пайызы аяқталған. Атқарушы билік соңғы мерзім 31 желтоқсан деп шегелегенімен, мердігер компания уақытынан бұрын, тамызда аяқтайтындарына сенімді. Су тарату жүйесіндегі 900 метрге созылып жатқан ескі құбырлар диаметрі 630 мм-лік жаңасына ауыстырылады. Құбырлар- өзімізде өндірілген, "Ақтөбе полиэтилен құбырлар зауытында" шығарылған. Қайта жөндеу, құбырларды ауыстыру жұмыстарына республикалық және облыстық қазынадан 150 млн теңге бөлінген. Көлік жүргізушілеріне құлаққағыс. Сенбі күні кешкі сағат алтыдан жексенбінің таңғы сағат алтысына дейін Жеңіс пен 312 атқыштар дивизиясы даңғылына дейінгі аралықта құбырларды ауыстыру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты аталған бағытта көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. |
Количество показов: 2296
Дата создания: 10.07.2013 17:44:36