Студент пен оқушы суға батқан 5 жасар баланы құтқарып қалды
Қарғалы су қоймасы маңынан өтіп бара жатқан студент жігіт қыздардың шыңғырған дауысын естіген. Сол маңға беттеген Айбар Серік 5 жасар бүлдіршіннің суға батып бара жатқанын көреді. Ол дереу суға сүңгиді. Айбар баланы жағаға алып шыққанымен алғашында оны өлдіге санапты.
Сол маңда тұратын мектеп оқушысы Бимырза Манас та "Көмектесіңдер!" деген айқайды естіп, оқиға орнына жеткен. Сол сәтте досым Айбардың баланы жағаға шығарып жатқанын көрдім, дейді. Ол дереу алғашқы көмекті көрсетіп, кішкентай баланың есін жиғызған. Бимырзаның айтуынша, суға тұншыққан адамға алғашқы көмектің қалай көрсетілетінін фильмдерден көрген. Бүгін бейбіт күннің батырларына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің марапаты табысталды. Олар ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің наградасына ұсынылды. Ал құтқарылған бала қазір облыстық балалар ауруханасында, дәрігерлердің бақылауында. Емдеуші дәрігерлер оған суық тимегенін және жағдайы тұрақты екенін хабарлаған.
Количество показов: 630
Дата создания: 31.05.2021 18:44:05