"Солтүстік айналма" жолының құрылысы аяқталуға жақын
Премьер-министрдің бірінші орынбасары ферроқорытпа зауытында болып, жаңа №4 цехтың құрылысымен танысты. Аталмыш нысан Қазақстанның индустриялды-инновациялық картасына енген ірі жобалардың бірі. Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №4 цех құрылысы осыдан 4 жыл бұрын басталған болатын. Зауыт әлемде теңдесі жоқ жоғары көміртекті феррохромды инновациялық технологиялардың көмегімен өндіруге арналған. Инвестициялық құны 750 млн. АҚШ долларын құрайтын бұл жоба жыл аяғына дейін іске қосылуы тиіс. Қазір нысанда құрылыс -монтаждау жұмыстары жүруде. Жаңа өндіріс ошағында электр жабдықтарының жаңа жүйелерімен жабдықталған, тұрақты тоқ көздерімен қамтамасыз етуге қауқарлы 4 пеш бар. Болашақта бұл пештердің көмегімен жылына 440 мың тоннадан астам жоғары көміртекті феррохром өндірілетін болады. Зауытттың жалпы ауданы 48 гектар. Құрылысқа 1500-ге жуық жұмысшы мен 28 мердігер мекеме жұмылдырылған. Жаңа өндіріс ошағының іске қосылуы алдағы уақытта өндіріс шығындарының 20 пайызға азаюына көмектеседі. Сондай-ақ ауаға тарайтын зиянды қалдықтар мөлшері де 28 есеге төмендейді. Зауытты толық аралап көрген Бақытжан Сағынтаев одан әрі жұмысшылардың жағдайымен танысты. Премьер-министрдің бірінші орынбасарының сапары одан әрі "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінде жалғасты. Астаналық мейман осы жобаның құрамына енетін "Солтүстік айналма" көлік жолының құрылысын қарап шықты. "Батыс Еуропа -Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінің еліміздегі жалпы ұзындығы 2 700 шақырымнан астам, оның 628 шақырымы Ақтөбе облысының аумағынан өтеді. Осы жоба аясында Ақтөбеде 14 көпір, 46 су өткізу құбыры салынды. Қазір Ақтөбе-Мәртөк бағытында құрылыс қызу жүруде. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінің құрамына кіретін "Ақтөбе- Мәртөк" тас жолының құрылысы 2010 жылы басталған болатын. Осы уақыт ішінде жол кеңейтіліп, асфальт жабындысы жаңартылды. Жаңа жарықшамдар мен жол белгілері пайда болды. Қазір осы аумақта салынып жатқан "Солтүстік айналма" жолының құрылысы да аяқталуға жақын. |
Количество показов: 2035
Дата создания: 06.08.2013 19:21:16