Соғыс ардагерлері пәтерлі болды
Ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған соғыс ардагерлерінің арманы орындалды бүгін. Жеңіс мерекесі құрметіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жеті ардагер мен осы күнге жетпеген 3 қарияның жесіріне пәтер сертификаттарын табыс етті. Алмат Ермағамбетов майданға 1943 жылдың қаңтарында 18 жасында алынған. Батыс Украинада атқыштар полкі қатарында жүріп жаумен шайқасты. Соғыс аяқталғаннан кейін әскери қызметке бейім жігіт елге жіберілмеді. Төрт жыл әскери міндетін атқарды. Туған жері - Хромтау ауданы, Еңбекшіқазақ ауылына жас сарбаз тек 1949 жылы оралды. Елге келген соң, Алмат Өмірұлы Хромтау ауданындағы кеңшар-ұжымшарларда бас есепші болып қызмет етті. 1999 жылы қалаға көшті. Ақсақалдың бес ұлы, бес қызы бар. Немере-шөберелерінің санын білмейді. Бүгін оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов "Нұр Ақтөбе" ауданында салынып жатқан жаңа үйлердің бірінен пәтер алуға мүмкіндік беретін сертификат сыйлады. Үй кезегіне тұрып, бірақ, қуанышты сәтті көре алмай кеткен соғыс ардагерлері де ұмыт қалған жоқ бүгін. Билік оларға тиесілі пәтерді марқұмдардың жесірлеріне беруді шешкен. Солардың бірі - ардагер Жайшылық Боранбаевтың жесірі Жаңылдық апай. Сүйінші хабарды 12 жыл күткен кейуана баспаналы болғанына әлі сенбей отыр. Бүгін барлығы он жанұя қуанышқа бөленді. Осылайша, "соғыс мүгедектері мен қатысушылары" санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 18 адамға қысқарды. Аймақ басшысы мерекелік түскі асқа шақырылған майдангерлерді 9-мамыр мейрамымен құттықтап, қарияларға Жеңістің 70-жылдығына жетуді тіледі. Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақтөбе облысынан 122 мыңнан астам жауынгер аттанған. 36 мыңы хабарсыз кетті. Қазір облыста 268 ардагер бар. 204-і қалада тұрады. Жергілікті билік енді Ұлы Жеңістің 70-жылдығына дайындықты бастайды. Жоспар бойынша екі жылдың ішінде облыстағы Кеңес Одағы батырларының аты берілген барлық көшелер, саябақтар мен алаңдар ретке келтірілетін болады. |
Количество показов: 2343
Дата создания: 08.05.2013 19:27:06