Шылым шегу денсаулыққа зиян!
Ертең әлем темекіге қарсы күрес күнін атап өтеді. Бүгін Ақтөбеде осы датаға орай акция өтті. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алдындағы алаңға мектеп оқушылары, колледж, ЖОО студенттері, спортпен шұғылданушылар, медицина қызметкерлері жиналды. Жастар қала тұрғындарын шылым шегуден аулақ болуға шақырды. Студенттер флешмоб ұйымдастырды. Айта кеткен жөн, облыста мамырдың бірінен бүгінге дейін темекі шегуді шектеу мен алдын алу бойынша айлық өтті. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында ашылған арнайы кеңселерде дәрігерлер мен психологтар шылым шегуді доғарамын деген ақтөбеліктерге тегін көмек көрсетуде. Былтырғы мәлімет бойынша облыс тұрғындарының 25, 9 пайызы шылым шегетіндер. Елде сәуір айынан бері темекі қораптарының сыртына шылым шегуші адамның денсаулығынан хабар беретін суреттер басыла бастады. Темекіден пайда болатын түрлі аурулардың пиктограммалары қазақстандықтардың ойына ой салуы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі күрестің бұл жолымен бір миллион отандасымыздың темекі тастауына септік етеміз деген пікірде. Сондай-ақ "Жеңіл әдіс" атты клиниканың негізін салушы ағылшын азаматы Аллен Каррдың кітабын оқып, шылымды қойып кеткендер дүние жүзінде көптеп саналатын шығар шамасы. 30 жыл бойы темекі тартқан автордың кітабын оқып шыққандар оны темекі тастаудың ең жеңіл тәсілі деп есептейді. 2006-шы жылы Аллен Карр өкпе қатерлі ісігінен көз жұмған. |
Количество показов: 3254
Дата создания: 30.05.2013 18:13:56