Үшем туылған отбасыға баспана сертификаты берілді
Балалы үйге базарлық! Өңір басшысы Отбасы күні көпбалалы Құдасовтар отбасын қабылдап, пәтер сертификатын тапсырды. Құдасовтар Алға ауданы Маржанбұлақ ауылына қарасты Қайыңдысай елді мекенінде тұрады. Маусым айында отбасында үшем дүниеге келген. Жасұлан мен Роза Құдасовтар отбасының қуанышына айналған үшемнің жағдайы жақсы. Кішкентайлар өсіп келеді. Нәрестелеріне азан шақырып Бекарыс, Бағлан және Айжамал деп ат қойыпты ата-анасы. Баланың күтіміне үлкен ұлы мен қызы, отағасы көмектеседі. Бұрын жекенің малын бағып, отбасын асыраған Жасұлан уақытша жұмыссыз. Бес баласымен ауылдағы қараша үйін паналап отыр. Көпбалалы отбасының баспана жағдайын ескерген атқарушы билік мереке күні ерекше сый жасады. Құдасовтардан бөлек сенбі күні облыс басшысы Архимед Мұхамбетовтің қабылдауында 9 отбасы болды. Жиналғандарды мерекемен құттықтаған облыс басшысы, естелік сыйлықтар табыс етті. Өңір басшысымен кездесуге келген отбасылар - бір-біріне адал жар болып жүрген, ұйып отырған, көпке үлгі болатын жанұялар. Жиында облыс әкімі облысымыздың демографиялық жағдайы жақсарып келе жатқанын айтты. Соңғы он жылмен салыстырғанда туу көрсеткіші 2 есеге артқан. Тек өкен жылы 8 мың жас отбасын құрған. |
Количество показов: 2020
Дата создания: 09.09.2013 18:16:17