Шегірткеге қарсы күрес күшейеді
Билік өкілдері биыл шегірткеге қарсы күресті күшейтеміз деп отыр. Осы мақсатта қазынадан 280 млн. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Аталған қаражатқа Ақтөбенің 500 мың гектар егіс алқабы өңделеді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын сапалы жүргізуге қатысты бүгін қаламызда арнайы семинар кеңес өтті. Оған барлық аудандардан келген ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары қатысты. Былтыр зиянкестерге қарсы күрес өңірімізде мамыр айының 12-де басталған болатын. Нәтижесінде азиат шегірткесіне қарсы 13 мың., италияндық прусқа қарсы 243 мың гектар жер өңделген. Ал, осы мақсаттарға қазынадан 116 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Өткен жылғы шегірткеге қарсы күрес шаралары аудандардағы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асқан. Зиянкестердің көп шоғырланатын жерлерін анықтау үшін алдымен елдімекендерге тексерушілер аттандырылыпты. Бақылаушылар барған жерлерінде арнайы автокөліктермен қамтылған. Сондай-ақ әрбір ауданда шегірткеге қарсы штабтар құрылып, жасалған жұмыстардың жай-жапсары дер кезінде жарияланып отырған. Шегірткеге қарсы күрес кезінде дифлур, даклоприд, адонис сынды жалпы көлемі 14 мың литрді құрайтын улы заттар қолданылыпты. Дәрі-дәрмектерге кеткен шығын 31 млн. теңге көлемінде. Биыл Ақтөбеде италияндық прус пен азиат шегірткесіне қарсы 500 мың гектар егіс алқабы өңделеді. Химиялық улаудың 285 мың гектары әуе арқылы, ал қалғаны жерде жүргізіледі. Қазір аталған жұмыстарды жүзеге асыруға 130 бүріккіш техника мен 8 әуе көлігі әзірлік үстінде. Сондай-ақ көршілес Орынбор облысының бірқатар аудандары да шегіткеге қарсы бірлесе күресуге келісіп отыр. |
Количество показов: 2561
Дата создания: 30.04.2013 18:15:15