Шәмші Қалдыаяқовтың құрметіне мемориалды тақта қойылды
Бүгін қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдыаяқовтың құрметіне мемориалды тақта ашылды. Ескерткіш сазгердің өз атындағы көшеде №2 үйдің қабырғасына орнатылды. Салтанатты шараға Шәмшінің ұлы Мұхтар Қалдыаяқов, нағыз талант иесіне бас иген өнерсүйер жұртшылық пен осы үйдің тұрғындары куә болды. Шәмші Қалдыаяқов 1930 жылы 15-тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар қаласында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда композитор Великановтың класында оқыған. Артына 300-ге жуық ән қалдырып, 1992 жылы дүние салды. Қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосқан сазгердің атында Ақтөбеде ауыл және көше бар. Бүгін қаладағы бұрынғы Скулкин, қазіргі Шәмші Қалдыаяқов атындағы көшеде, №2 үйдің қабырғасында халық әртісінің құрметіне орнатылған ескерткіш тақта салтанатты жағдайда ашылды. Ескерткіштің ашылуына композитордың екі ұлының бірі - Мұхтар Қалдыаяқов қатысты. Ол да өнер иесі. Абай атындағы опера және балет театрында дирижер. Ағасы Қасым да музыка саласында еңбек етеді. Мұхтар Қалдыаяқов Ақтөбеге алғаш келіп отыр. Ертең ол әкесі жас шағында ветеринар болып жұмыс жасаған Темір ауданына сапарлап қайтпақ. Ақтөбеліктер өзі өмірден өтсе де, артында өлмес өнері қалған, ел-жұртын әнге бөлеген әйгілі композитордың аты осы көшеге берілгеніне өте риза. Бірнеше жыл бұрын Қарғалы ауданындағы Александровка ауылына Шәмшінің аты берілді. Саябақ ашылып, онда ұлы сазгердің мүсіні орнатылды. Ертең, композитордың туған күнінде сол ауылда Шәмшіге арнап ас беріледі. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда Шәмшінің ұлы Мұхтардың концерті өтеді. Ал қазір қаладағы сулы-жасыл гүлзарда Шәмші әндері қалықтап тұр. |
Количество показов: 2483
Дата создания: 14.08.2013 18:27:33