Өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу өткізді
Қаладағы ірі сауда, ойын-сауық орталығының бірінші қабатында орналасқан "Анвар" супермаркетінен бүгін таңғы сегіз жарымдарда өрт шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілердің тактикалық оқу-жаттығуын өткізу үшін ойлап тапқан оқиға желісі осындай. Оқу-жаттығу барысында өрт сөндірушілер мен нысан күзетшілерінің іс-қимылы пысықталды. Жаз бойы жалған лаңкестер кесірінен сан дүрліккен "Мега-Ақтөбе" сауда, ойын-сауық орталығының бүгін кезекті рет тынышы бұзылды. Ғимараттың бірінші қабатындағы "Анвар" супермаркетінен жұмыс басталар алдында, таңғы сегіз жарымдарда қызыл жалын тұтанды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тактикалық оқу-жаттығу өткізу үшін алдын ала ойлап тапқан оқиға желісі бұл. Қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда құтқарушылардың міндеті адам шығынын болдырмау. Келер зардап көлемінің ұлғаюына жол бермеу. Мейлінше жылдам уақытта жағдайды реттеу. Жаттығу барысында сауда, ойын-сауық орталығының ішіндегі адамдарды қауіпсіз аумаққа көшіру жұмысының тиянақты тындырылуына баса назар аударылды. Мұндай жағдайда қарапайым адамдар ең бастысы сабыр сақтағаны жөн. Ғимарат күзетшілері де абдырап қалмауы қажет. 240 шаршы метр жерден шыққан өрт бірінші қабатқа жайылып кеткен. Оқу-жаттығуға қатысушылардың жұмысын қиындату үшін оқиға желісіне зардап шегушілер де кірістірілген. Өрт сөндірушілер өрт ошағынан оларды далаға алып шығып, медициналық қызметкерлердің қолына тапсырды. Осы уақыт аралығында оқиға орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылып, жауынгерлік учаскілері құрылған. Өрт жарты сағат ішінде ауыздықталды. Артық шығынның орын алуына жол берілген жоқ. Тактикалық оқу-жаттығуға 50 өрт сөндіруші, апат медицинасы, жедел құтқару жасақтары қатысты. 11 техника жұмылдырылды. ТЖД басшылығы жаттығудың мақсаты мен тапсырмалары орындалды деген тұжырым жасады. Жыл басталғалы облыстағы ірі мекемелерде өрт сөндірушілердің дайындығын пысықтауға бағытталған 50-ден астам тактикалық оқу-жаттығу өтті. |
Количество показов: 2894
Дата создания: 19.09.2013 18:44:39