Рельстік-арқалық зауытының құрылысы қарқын алды
Ақтөбеде салынып жатқан рельстік-арқалық зауытының құрылысы кешікпей, кестеге сай жүріп жатыр. Жұмыстың қарқыны сақталса, өндірістік нысан жоспарланғандай 2014 жылдың екінші жартысында іске қосылады. Бұл туралы бүгін жұмыс сапарымен Ақтөбеге келіп, зауыттың құрылыс барысымен танысқан ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов мәлім етті. Болашақта алып өндіріс орны бой көтеретін құрылыс алаңында қазір қайнаған тіршілік. Биылғы жылдың сәуірінде салына басталған зауыттың іргетасы толықтай қаланып болды. Бүгін жұмысшылар құрылыстың екінші кезеңі - өндірістік ғимаратты тұрғызуға көшті. Нысанның аумағы 52 мың шаршы метр болады. Елдің темір жол саласына жаңа серпін беретін жоба "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ президенті Асқар Маминнің тікелей бақылауында. Жұмыстың қайнаған ортасында көшпелі отырыс өткізген Әсет Исекешев зауыттың құрылысы қарқынды жүріп жатқандығына көз жеткізді. Үкімет басшысының орынбасары кәсіпорынның уақытында қолданысқа берілуін қадағалап отыруды жергілікті билікке тапсырды. Рельстік-арқалық зауыттың жылдық қуаты - 200 мың тонна темір жол рельсі мен 230 мың тонна арқалық, швелер секілді қосалқы бөлшектер. Кәсіпорын өнімінің 70 пайызы ішкі сұранысты қанағаттандырады деп жоспарланса, қалғаны шетелге экспортталады. Ақтөбелік рельстер Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан темір жолдарын ауыстыруы мүмкін. Зауыттың құны - 55 миллиард теңге. Қаражатты Қазақстанның Даму банкі бөлген. |
Количество показов: 1848
Дата создания: 02.07.2013 17:57:09