ҚР Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбеге келді
Бүгін облысымызға ҚР премьер-министрінің 1-ші орынбасары Бақытжан Сағынтаев келді. Өңірлік даму министріне Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, салалық-мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Мәртебелі меймандар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап көрді. Салалық-мемлекеттік бағдарламалардың өңірімізде өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқандығынан хабар беретін бірден бір кәсіпорын Алға ауданында орналасқан. Бақытжан Сағынтаев "АкТеп" ЖШС-не тікұшақпен жеткізілді. Серіктестік "Ангус", "Герефорд" асыл тұқымды мүйізді ірі қара малды өсіріп, бордақылаумен айналысады. Кешен бір мезгілде 3 мың бас ірі қараны бордақыда ұстауға есептелген. Былтыр ғана пайдалануға берілген кешен кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Мұхтар Жұмағазиев өңірде ірі қара малдың 76 пайызы жеке қолда екендігін жеткізді. Бірақ, мал өнімдерінің сапасы төмен. Бүгінде бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр. "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының игілігін көріп отырған Алға қаласындағы "Айым А" автомектебіне де аялдады Бақытжан Сағынтаев. Кәсіпкер оқу орталығын бизнестің жол картасы бағдарламасымен несиеге 6 миллион теңге қаражат алып, ашқан. 14 пайыздық өсімақаның 7 пайызын мемлекет субсидиялады. Кепілге 3 миллион теңге берілген. Алға қаласы елдегі 41 шағын қаланың есебінде. Аудан әкімі Асқар Шериязданов республикалық және облыстық бюджет есебінен инфрақұрылым сұрақтары шешіліп жатыр деп сендірді. Қала толық ауыз сумен қамтылған. Республикалық бюджеттен бөлінген 554 миллион теңгеге жылу желілері жаңартылып жатыр. Жөндеу 1-қазанда аяқталады. Орталық жылыту қазандығын модернизациялау жұмысын аяқтауға 401 миллион теңге қаржылай көмек сұралып отыр. Биотазарту құрылғыларын күрделі жөндеуге де республикалық бюджеттен қаражат қажет. |
Количество показов: 2005
Дата создания: 06.08.2013 19:22:01