Полиция заңсыз ойын автоматтарын анықтады
Рысқұлов көшесіндегі дүкендердің бірінде ойын автоматтары жұмыс істеп келген. Полиция қызметкерлері оны кеше анықтады. Заңмен тыйым салынған бизнесті 29-жастағы қала тұрғыны өркендеткен. Астыртын ойын ұясына ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері облыс аумағында өтіп жатқан "Құқық тәртібі" шарасының аясында халық көп шоғырланатын, күдікті орындарды тексеру кезінде тап болған. Рысқұлов көшесінің бойында орналасқан дүкенде үш ойын автоматының қанша уақыт қызмет еткенін полицейлер әлі анықтап жатыр. Ал оның иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Тәртіп сақшыларының күшейтілген құраммен жұмыс жасау нәтижесінде екі көлік ұрлығын дер кезінде әшкереледі. Мәселен, кеше кешке техникалық қызмет көрсету орталығы ауласынан 27 жастағы жігіттің "Тойота Руннер" көлігі ұрланған. Кейін анықталғандай, темір тұлпарды орталықтың жұмысшысы мініп кеткен. 31 жастағы қарақшы көп ұзамай Есет батыр көшесінде ұсталды. Ұрланған көлік иесіне қайтарылды. Ал кеше таңертең белгісіз біреу жасы 34-тегі келіншектің "Ниссан Кашкай" көлігін үйінің ауласынан айдап кеткен. "Құқық тәртібі" шарасы өткен екі күн ішінде бұрын жасалған алты қылмыс ашылды. Тәртіп сақшылары түрлі заң бұзушылыққа барған 641 адамға әкімшілік хаттама толтырған. 104-і көшеде мас күйінде жүргені үшін айыппұл төлеуге мәжбүр. 16 жүргізуші рөлге ішкен күйі отырған. Көші-қон полициясы елге келу заңнамасын бұзған 57 шетелдікті жауапқа тартты. Қаңғырып жүрген 31 кісі қабылдау-тарату бөлмесіне орналастырылды. |
Количество показов: 2352
Дата создания: 28.08.2013 18:41:23