Полиция қызметкерлері орталық саябаққа жиналды
Ақтөбенің күштік құрылымдары бүгін толықтай дерлік Тұңғыш президент атындағы орталық саябаққа жұмылдырылды. 500-ге жуық полиция қызметкерінің бір мезетте осында шоғырлануының өзіндік себептері бар. Осынша полицейдің бір уақытта саябақта топтасуы қала тұрғындарын алаңдатқан болар. Алайда, алаңдауға негіз жоқ. Тәртіп сақшылары әдетте жабық гарнизон ішінде пысықтайтын іс-әрекеттерін бүгін ашық аспан астында, яғни орталық саябақ алаңында өткізуді жөн көрген. Ондағы мақсат - күннің суығында қызмет етуге бейімделу. Тәртіп сақшыларын жан-жаққа тарату жиынына күзет, арнайы жедел әрекет ету жасағы, учаскелік инспекторлар, ішкі әскер бөлімі, жол полициясы қызметкерлері мен Ақтөбе заң институтының курсанттары - барлығы 500-ге тарта адам жиналды. Болашақ полицейлер мұндай жиынға алғаш рет қатысып отыр. Қатарға тұрып, түгелденіп, қызметтік куәліктері тексерілген соң, әрбір жасақ командирі қарамағындағылардың дайындығы мен апта бойғы қызметтің нәтижесі жайында басшылыққа баяндады. Кейін күштік құрылымдар алдағы аптаға бағыт-бағдар алып, қызмет ету аумақтарына тарады.
|
Количество показов: 2138
Дата создания: 16.11.2012 18:29:42