Патронатты отбасылар марапатталды
Қалада бүгін қорғаншы отбасы және осы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың алғашқы слеті өтті. Демеушілер патронатты отбасын құрып отырған қайырымды ата-аналарды алғыс хаттармен марапаттап, ақшалай сыйақы табыстады. №40 орта мектепте өткен слет барысында жетімдерді жебеп отырған отбасылардың мәселелері талқыланды. Ата-аналарға құқықтық кеңестер берілді. Біздің қаламыздың өзінде бүгінде 22 патронатты отбасы бар. Темірхан Базарқұлов осындай патронатты отбасылардың бірінде тәрбиеленуде. Тәрбиешісі , әрі жаңа отбасындағы анасы Сара Жанғанашова: "Шамамен 11-12 жастағы ер бала бірнеше рет түсіме еніп, мама, мені алып кетіңізші деп аян берді"-дейді. Түсіне еніп, аян берген баланың бейнесін жадында жақсы жаттап қалған Сара апай Алғадағы балалар үйіне барғанда жанарлары жәудіреген көп баланың арасынан Темірханды жазбай таниды. Ойланбастан үйіне алып келеді. Темірханның соңынан ерген тағы да үш бауыры бар. Темірханның жанынан бір елі алыстамайтын Әлтайыр 3-сыныпта оқиды. Одан кейінгісі бірінші сыныпқа барған. Сара апайдың ең кенжесі төрт жарым жаста. Оны Сара Жанғанашова қамқорлыққа "Үміт" сәбилер үйінен алған. Биыл патронатты отбасы атануға ниет етушілер әзірге жоқ. Бірақ, бала асырап аламын деп кезегін күтіп отырған ақтөбеліктер саны 100-ден асады. |
Количество показов: 2685
Дата создания: 18.09.2012 18:36:21