Парламент мәжілісінің депутаттары науқастармен кездесті
Парламент мәжілісі депутаттарының ақтөбеліктермен кездесуі жалғасуда. Бүгін халық қалаулылары жедел жәрдем ауруханасында емделіп жатқан науқастардың жай-күйін білді. Ондағы медициналық құрал-жабдықтардың мүмкіндіктерімен танысты. Емдеу мекемесінің табалдырығын аттаған мәжіліс депутаттары Глеб Щегельский, Ерген Дошаев, Құралай Қарекен бірден бөлімшелерді аралауға көшті. Меймандар бас сұққан алғашқы нысан - ангиография кабинеті. Мұнда дәрігерлер жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан ер адамға ота жасауда. Коронарографиялық операцияны жүргізуге бір сағатқа жуық уақыт қажет. Дәрігерлердің іс-әрекетін депутаттар терезеден және монитор арқылы көріп тұрды. Ал, бұл кардиореанимация бөлімшесі. Мұнда қазір жүрек-қан тамырлары жүйесі бұзылған төрт науқас жатыр. Депутаттар сырқаттардың жағдайын сұрады. Етті, майлы тағамға әуес ел ағалары аурухананың диеталық тамағына бой үйрете алмай жүргендерін айтты. Депутаттар инсульт орталығына да соқты. Орталық осы аурухананың неврология бөлімшесінің базасында былтыр ашылған болатын. Жедел көмек көрсету палатасында қазір екі адам емделуде. Жан сақтап, тәуір болғандар жалпы палаталарға ауыстырылған. Инсульт орталығында 30 кереует бар болса, бүгін мұнда 25 науқас ем қабылдап жатыр. Бөлімше меңгерушісі Алтай Шарафутдиновтың айтуынша, облыста жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандар көбейіп барады. Жыл басынан бері осы орталықта 500-ге жуық науқас емделген. Сырқаттардың 80 пайызы ауруханаға ишемиялық инсультпен түседі. Инсультке ұшырған адамдар үшін емдік дене шынықтыру кабинеті ауадай қажет. Мұнда пациенттер тірек, қозғалыс мүшелерін қалпына келтіреді. Массаж алады. Жалпы, жедел жәрдем ауруханасында бүгінде 405 орын жасақталған. Кереуеттердің бос қалатын кезі жоқ. Қашанда науқас адамға толы мекеменің қызметіне депутаттар оң баға берді. |
Количество показов: 2065
Дата создания: 19.07.2013 18:38:31