Парламент мәжілісінің депутаттары Алға балалар үйіне барды
Бүгін ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары балалар үйінің лагерінде болып, ондағы жеткіншектерге қуанышты хабар жеткізді. Бұдан былай жетім балалардың баспаналы болуы заңмен реттеледі. Алға балалар үйінде бүгінде 280 бала тәрбиеленуде. Жаз бойы олар Бестамақ ауылы маңында орналасқан "Ақбөбек" лагерін мекендейді. Жетімдердің тұрмыс-тіршілігіне алаңдаулы мәжілісмендер бүгін осы жерге келді. Парламент мәжілісінің депутаттары Ерген Дошаев, Глеб Щегельский және Құралай Қарекен жеткіншектер ұйықтайтын бөлмелерді, асхана, мәдениет үйін мұқият аралап шықты. Кеңес заманында Поповичтің лагері болған "Ақбөбек" демалыс базасы Алға балалар үйіне 1995 жылы берілген. Жыл өткен сайын мұндағы тоғыз тұрғынжай жөнделіп, қазір толыққанды демалыс орнына айналды. Парламент мәжілісінің депутаттарын балалар қошеметпен қарсы алды. Халық қалаулылары қарап қалмады. Интернат шәкірттеріне мектеп формасын табыстады. Ал Глеб Шегельский балалар үйінің ауласын толығымен асфальттауға қажетті құрылыс материалдарын жеткізіп беруге уәде етті. Ал депутаттар жеткізген басты жаңалық - жетім балаларды баспанамен қамту жайы қамкөңіл балаларды бір қуантып тастады. Мемлекеттің мұндай қамқорлығына Алға балалар үйінің жеткіншектері аса мұқтаж. Балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазиннің айтуынша, қазір интернаттың 800-ден астам тәрбиеленушісі пәтер жалдап, тірлік етіп жүр. Бес жылдың ішінде 40-тан астам жетімге үй берілген. Былтыр облыс әкімі онына баспана кілтін тапсырды. Тағы екеуі қызметтік пәтерде тұрып жатыр. Архимед Мұхамбетовтың өз қолынан кілт алған бақытты жанның бірі - Алға балалар үйінің 2007 жылғы түлегі Сергей Косов. Сергеймен бірге сол күні балалар үйінің тағы бес түлегі қоныс тойын тойлаған. Ал, соттың араласуымен төрт балаға ата-анасынан қалған үйлері қайтарылды. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" есепшоты ашылған балалар тағы бар. Шілденің 7-де қабылданған жаңа заңның арқасында жетімдер енді өзгеге жаутаңдап емес, өз үйінде еркін тұратын болады. |
Количество показов: 2120
Дата создания: 18.07.2013 19:07:35