Парламент депутаты Ерген Дошаев Алға қаласына барды
Бүгін өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген парламент мәжілісінің депутаты Ерген Дошаев Алға қаласында болып бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Халық қалаулысы алдымен Алға аудандық орталық ауруханасында болып, емдеу мекемесінің қазіргі тыныс тіршілігімен танысты. Алға аудандық орталық ауруханасында қазір 300-ден астам дәрігер жұмыс істейді. Емдеу мекемесінің өзі бір мезгілде 500 науқасты қабылдауға қауқарлы. Аурухана 80 пайыз жаңа үлгідегі емдеу жабдықтарымен жабдықталған. 40 мыңдық тұрғыны бар ауданда соңғы 5 жылдың ішінде бірде бір әйел өлімі тіркелмеген. Сондай-ақ жүрек-қан тамыры, құрт ауруына шалдыққандар саны да біршама азайған. Сәби өлімі жөнінен алғалықтар ең төменгі көрсеткішке қол жеткізген. Өткен жылы әрбір мың адамға шаққанда 6 жағдай тіркеліпті. Бұл республикалық көрсеткіштен екі есе төмен. Дегенмен емдеу мекемесінде түйіні шешілмеген мәселелер де аз болмай шықты. Орталық ғимараты бірнеше жылдан бері жөні түзу жөндеу көрмеген. Оның үстіне кадр жетіспейді, әсіресе балалар дәрігері. Соңғы 5 жылда 13 дәрігер баспаналы болған, оның 7-і өткен жылы пәтер кілтіне ие болыпты. Мұндағы ақ халаттылардың орта жасы 30 - 40-тың аралығында. Одан әрі халық қалаулысы Алға индустриялық техникалық колледжінде болып, оқу ордасының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Алға индустриялық техникалық колледжі аталмыш аудандағы жұмысшы мамандықтарын дайындайтын жалғыз оқу орны. Мұнда 350-ге жуық оқушы 6 мамандық бойынша тәлім алады. 80-нен астам білікті ұстаз бар. Оқу үлгерімі жоғары оқушыларға арнайы шәкіртақы да төленеді. Одан әрі Ерген Дошаев аудандық әкімшілікке бас сұқты. Мұнда халық қалаулысы алғалықтармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. |
Количество показов: 1882
Дата создания: 05.04.2013 18:50:01