Пәтер кезегіндегілер жыл сайын құжаттарын жаңалап отыруы қажет
Мемлекеттік тұрғын үй қорына кезек тізімінде тұрған азаматтар енді жыл сайын құжаттарын жаңартып отыруы қажет. Қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, тұрғын үйге мұқтаж жандар бірінші сәуірден бастап анықтамаларын дүйсенбі-сейсенбі күндері тапсыра алады. Пәтер алудан дәмелі ақтөбеліктер желтоқсан айының біріне дейін қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторына үш анықтама әкелуі тиіс. Талап етілген құжаттар ішінде - тіркеу туралы мәлімет, отбасы құрамын анықтайтын қағаз бен меншігіне тиесілі тұрғын үйдің жоқтығы туралы мәлімет бар. Одан басқа мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне қосымша жұмыс орнынан анықтама қажет. Ал мүгедек және созылмалы аурулардың кейбір ауыр түрлеріне шалдыққан азаматтардан қосымша денсаулығы жөнінде анықтама талап етіледі. Мәліметтер түгел жиналған соң қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторында кезектілік тізімі жаңартылмақ. Қазір үй алу кезегінде 16 мың ақтөбелік тұр. Өткен жылы өз еріктерімен үй алған 30-дан аса мемлекеттік қызметкер тізім кезегінен шығарылған. |
Количество показов: 1929
Дата создания: 28.03.2013 18:35:43