Ойыл коронавирустың тарауы бойынша "сары" аймаққа өтті
Кеше коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа 26 жағдайы тіркелді. Науқастардың 23-і қала тұрғыны. Хромтау ауданында екі адам, Ойылдан бір адам анықталды. Індет жұқтырып алған 16 адамда ауру симптомдары байқалған. Аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,6 пайызды құрап отыр. Енді облыста былтыр наурыздан бері КВИ-мен сырқаттанғандар саны 4614 адамға жетті. Қазіргі таңда үй карантиніне 601 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде аптаны қорытындылап брифинг өткізді. Ойыл ауданы індеттің таралуына орай "сары" аймаққа өткені хабарланды. Ауданда карантиндік шаралар күшейген. Облыстар арасында Ақтөбе "жасыл" аймақта. Әйтсе де, дәрігер-эпидемиологтар тұрғындарды еркінсімеуге шақырып отыр. Халық жаппай коронавирусқа қарсы вакцина алғанда ғана "арқаны кеңге салуға" болады. Облыста вакцинациялау ақпанда бастау алды.
Ал шектеу талаптарының орындалуын 47 мобильді топ бақылауда ұстап отыр. Талапты бұзған ақтөбеліктерге бүгінге дейін 19 миллион теңгеден аса айыппұл салынған.
Количество показов: 643
Дата создания: 19.03.2021 20:06:55