Ойнаймын деп от басты
Бүгін қалалық сотта "Мега" ойын-сауық кешеніне бомба қойылды деп қоңырау шалған Валентина Бондареваға қатысты сот үкімі шықты. Жарылғыш зат бар деп жалған ақпарат таратқан айыпталушы енді алдағы 3 жылын абақтының арғы жағында өткізетін болады. Дүйім елді дүрліктірген бұл оқиға Ақтөбеде биыл ақпанның 22 күні орын алған болатын. Дәл осы күні кешкі сағат 8-дер шамасында ІІД-нің кезекшілік бөліміне "Мега" ойын сауық кешенінде бомба қойылды деген ақпарат келіп түскен. Аталған аймаққа жедел жеткен полиция қызметкерлері ғимаратты қоршауға алып, 2 мыңға жуық адамды сыртқа шығарды. Абырой болғанда саперлер жарылғыш затты тапқан жоқ. Оның үстіне сол күні жарылғыш зат бар деп қоңырау шалған 26 жастағы әйел қолға түсті. Жалған ақпарат берген жан ақтөбелік Валентина Бондарева болып шықты. Валентина Бондарева бұрын соңды сотталмаған, тұрмыс құрмаған Ақтөбе қаласының тұрғыны. Дәл сол күні Валентина Бондарева өзінің құрбысымен бірге Айбергенов көшесінің бойындағы үйлердің бірінде арақ ішіп отырған. Кенет ішімдікке сылқия тойған сылқымның басына басқа бір ой келсе керек. Осылайша сыртқа шылым шегемін деп шығып полицияға қоңырау шалған. Алайда бұл ойынның арты отқа ұласатынын бойжеткен сол мәзетте білмесе керек. Енді үш жыл мерзімін термір тордың арғы жағында өткеретін болады. Ал сәрсенбі күні әуежайға жарылғыш зат қойылды деп жалған ақпар берген 43 жастағы әйел болып шықты. Ол күйеуім әуежайды жарып жіберуге кетті деп хабарлаған. Полиция сол күні таңертең әуежайға қоңырау шалған нөмірлердің бәрін тексерген. Нәтижесінде 43 жастағы әйел ұсталды. Ол бәрін мойындаған. Оның тағдырын да алда сот шешетін болады. |
Количество показов: 2074
Дата создания: 21.06.2013 17:48:57