Облыстық музейде Қобда ауданының бұрышы ашылды
Қобда ауданын жан-жақты танығыңыз келсе, музейге барыңыз. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде бүгін Қобда ауданының бұрышы ашылды. Көрмеге Қобыланды батыр, Абат-байтақ, Әлия туралы кітаптар, жәдігерлер, деректер қойылған. Қобда музейіне алғаш аяқ басқан адамның көзі бірден Қобыланды батыр мемориалды кешенінің кішірейтілген үлгісіне түседі. 2007 жылы 8-қыркүйекте ашылған тарихи нысан айна-қатесіз тақта бетіне көшірілген. Батырдың сауыты, дулығасы, белдігі, қылышы мен өзге де қаруларын осы жерден тамашалауға мүмкіндік бар. Бұл жәдігерлер әлбетте, Қобыланды қолданған нәрселер емес. Жергілікті қолөнер шебері Ерқосай Әбілов тарихи деректерді ақтара, мұқият зерттей отырып, барынша ұқсастыра жасаған дүниелер. Мәскеудегі Герасимов атындағы зертханада сақталған батыр мүсінінің көшірмесі де көрмеге қойылды. Қобдалықтар мақтанышпен айтатын тағы бір тарихи ескерткіш- Абат-Байтақ кесенесі. 14-15 ғасырларға жататын қорым 2006 жылы жаңартылған. Қорымның ескі келбеті бар кезінде үлгісін алып, пенопластан шағын макетін құрастырған - ауыл мұғалімі Аятхан Тіршілік. "Қобданың жері - батырлар елі" атты көрмеде Әлия Молдағұлова туралы кітаптар көп. Сондай-ақ, ауданның 80-жылдығы кезінде 2 мың данамен басып шығарылған Қобда энциклопедиясы, кезінде осы өңірде хазіреттік еткен тұлғалар туралы, Қобда жерінің табиғаты жайындағы деректер, суреттер ұсынылған. Музей ішіндегі музей алдағы 10 күн жұмыс жасайды. |
Количество показов: 2907
Дата создания: 15.07.2013 18:34:24