Облыстың дарынды оқушылары марапатталды
Бүгін 2012-2013 оқу жылында білім, ғылым, спорт, шығармашылық бағыттарында ерекше дарындылығымен көзге түскен оқушылар облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Т. Ахтанов атындағы драма театрда өткен марапаттау салтанатына барлығы 276 оқушы шақырылған. Олардың арасында халықаралық ғылыми жарыстардың 26 жүлдегері бар. Биылғы оқу жылы Ақтөбе өңірінің дарынды балалары үшін табысты жыл болыпты. Тек мықтылар ғана қатыса алатын республикалық пәндік олимпиада гуманитарлық бағыт бойынша Тараз қаласында өтіп, облыс командасы 3-ші орынды қанжығаласа, Талдықорған қаласында өткен жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша жарыста 2-ші жүлделі орынды иеленген. Республикалық Абай, Шәкәрім, Махамбет оқулары, "Жарқын болашақ" қазақ тілі олимпиадасына 12 оқушы, музыканттар байқауына қатысқан 17 оқушы, 2 хор ұжымы жеңіспен оралды. Бүгінгі марапатқа ие болған дарынды оқушылар арасында Зубайда Галиакбарова да бар. Қазақ тілінде тамаша сөйлейтін Зубайда біраз жетістіктерге жеткен. Екі жылдан бері қазақ тілі бойынша облыстық олимпиадада жүлдегер болғаны үшін биыл Таразда өткен республикалық сайысқа қатысып екінші орынды жеңіп алған. Республикалық деңгейдегі спорттық шараларға қатысқан 22 оқушыға да облыс әкімінің мақтау қағазы табысталды. Айта кетерлігі, осы оқу жылында 51 оқушы әлемнің әр елінде өткен ғылыми жарыстарда жүлделі орыннан көрініп, 5 алтын, 16 күміс, 30 қола медаль әкелген. Халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне ноутбуктер берілді. Марапаттау салтанатының соңында алғаш рет Ақтөбе өңірі дарынды балаларының әнұраны шырқалды. Олар туралы жасалған арнайы фильм көрермендерге ұсынылды. Келер жылдан бастап мамыр айында дәстүрлі түрде оқушылар фестивалі өткізілетін болады. |
Количество показов: 2593
Дата создания: 20.05.2013 19:45:50