Облыстың білім беру мекемелеріне қосымша 20 мыңнан астам компьютер жеткізіледі
Бүгінгі брифингте білім беру ұйымдарының жұмысы мен қашықтан оқытудың жағдайы туралы сөз қозғалды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына тоқталып, барлық балабақшаларға жолдама электронды жүйе арқылы берілетінін еске салды. Бос орындар balabaksha.akt.kz.сайтында орналастырылған. Сондай-ақ, спикер облыстағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру жағдайын айтты. Бүгінгі күні облыста мұндай 6370 бала тәрбиеленуде. Орта білім мәселесін сөз еткен басқарма өкілі қалада күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерден басқа мектептерде кезекші сыныптар ашылғанын еске салды. 6 мектеп жөндеу жұмыстары аяқталған соң кезекші сыныптарды ұйымдастыратын болады. Бүгінгі күні мектептерде үй тапсырмалары оқу тапсырмаларымен ауыстырылды. Оқу тапсырмасының көлемі Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген ұсынымдарда көрсетілген. Берілген тапсырма тәулік ішінде орындалып тапсырылуы тиіс, деген Гүлназ Сүлейменова бағалау тәртібіндегі өзгерістерді тағы бір мәрте түсіндіріп өтті. Биылғы оқу жылында қашықтан оқытылатын мектеп оқушыларын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 492 млн.теңге бөлініп, 14 мыңнан аса роутер сатып алынды. Роутерлерге «Білім» тарифі жүктелген. Қалған оқушылар қамту аймағы бойынша байланыс операторларының сапалы интернет желісімен қамтылды. Мектеп балансындағы 12 550 компьютерлік техника мұқтаж отбасыларына таратылды.
Қалған 22 мыңнан аса компьютер облыстағы білім беру мекемелеріне қазан айының 10-на дейін жеткізіледі деп күтілуде. Білім басқармасының өкілі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай түзелген кезде дәстүрлі режимге көшу жүзеге асырылатынын атап өтті. Толық дәстүрлі форматқа көшу туралы соңғы шешімді Мемлекеттің бас санитарлық дәрігері қабылдайды.
Количество показов: 767
Дата создания: 30.09.2020 18:06:34