Облыста ірі қара мал саны азайды
Осы жылдың алты айында облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуында оң өзгерістер байқалған. Жыл басынан бері өнім өндіру көлемі 663 млрд теңгеге өсіп, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 105 пайызға артқан. Аймақтың қарыштап дамуына әсіресе Мұғалжар, Хромтау, Темір, Байғанин аудандары мен Ақтөбе қаласы айрықша үлес қосуда. Облыстағы өндірілетін жалпы өнімнің 98 пайызы да осы аудандардың үлесінде. Облыстың экономикалық дамуының басты индикаторларының бірі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де өткен жылмен салыстырғанда біршама өсіп, 167 млрд теңгені құрады. Әсіресе Шалқар, Ырғыз, Байғанин, Алға аудандары инвестициялық өсім көрсеткіштері бойынша алда келеді. Ал, Қобда, Хромтау, Қарғалы, Темір аудандарында бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Аймақтың экономикасына салынған инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ секторы мен құрылыс саласына жұмсалған. Осының арқасында жыл басынан бері Ақтөбеде құрылыс нысандары 4 пайызға өсіп, 172 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға жоғары. Дегенмен Ақтөбеде ауыл шаруашылық өнімдері өткен жылға қарағанда айтарлықтай азайған. Бұған басты себеп облыстағы ірі қара мал санының төмендеуі. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелердің бірі қысқы жылыту маусымына қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібековтың айтуынша Ақтөбеде қазіргі уақытта 108 жылу қазандығы жөнделіп, 250 шақырымнан астам құбыр желісі жаңартылған. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерге 54 мың тоннадан астам қатты, 11 мың тоннадан астам сұйық отын жеткізілген. Экономикалық өсімнің нақты көрсеткіштерінің бірі ол жұмыссыздар саны. "Жұмыспен қамту-2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл облысымызда 2,5 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 2 млрд. 800 млн. теңгеден астам қаржы бөлінсе, оның 48 пайызы игерілген. Аталған қаражаттың бір бөлігіне 1200-ден астам әлеуметтік жұмыс орны ашылса, енді бір бөлігі жастардың жұмысқа орналасуына жұмсалған. |
Количество показов: 2022
Дата создания: 17.07.2013 18:35:32