Облыста астық жинау науқаны басталды
Өңірде 460 мың гектар жерге дәнді дақыл егілді. Жоспар бойынша кемінде әр гектардан 6 центнерден астық жиналу көзделген. Облыстың астықты өңірі Әйтеке би ауданында жекелеген шаруа қожалықтары мұнан да жоғары өнімге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Ору науқанына 14 мың тонна жанар-жағармай жеткізілген. Диқандарға литрі 93 теңгеден сатылуда. Астық жинау науқаны аяқталған соң күздік дәнді дақылдар мен көп жылдық шөптер егілмек. Мәселен қара бидайды биыл 30 мың гектар жерге салу жоспарланған. Дәнді алқаптардан басқа, майлы дақылдар, жем-шөп, картоп, көкөніс орта күзге дейін жиналып алынбақ. Биыл астықтың түсімі солтүстік өңір Әйтеке би ауданында мол болады деп жорамалданып отыр. Ал Қобда, Алға, Темір аудандарында жағдай мәз емес. Қазір мемлекет тарапынан егілген егінге астық тегіс көктеп шыққаннан кейін арнайы қаржы- субсидия беріледі. Ол үшін биыл республикадан 432 млн теңге бөлініпті. Қаражат 800-дей жеке шаруа қожалықтарына берілген. Есептен шығарылғалы отырған егістік алқабы үшін де шаруа қожалықтары мемлекеттен елеулі қаржы алады. Бидай ексе центнеріне 432, майлы дақылдар үшін 2500 теңгеден тиесілі. Егін ору науқаны қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады. Нақтырақ айтқанда, жиын-терін жұмыстары тамыз айының соңында қыза түспек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Марлен Баймағамбетовтың айтуынша, тамыздың басында мол түскен нөсер ылғалдылықты көбейтті. Сондықтан астықты жинау науқаны биыл диқандарға оңайға түспейтін сыңайлы. Жерді баптап, күн көріп отырған шаруаларға егінді ұқыпты кептіруге кеңес берілген. |
Количество показов: 2432
Дата создания: 15.08.2013 17:53:15