Облыста 200 дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі жетіспейді
Бастауыш сыныптарда дене тәрбиесі пәнін арнайы мамандар жүргізуі керек. Бұл жайында бүгін Ақтөбе кооперативтік колледжінде өткен дене тәрбиесі мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылды. Білім басқармасындағылар төменгі сынып оқушыларына дене шынықтыру сабағын класс жетекшісі емес, кәсіби білімі бар мамандардың өткізгенін жөн санап отыр. Дене тәрбиесі пәні мұғалімдері тамыздың соңында өзге әріптестерінен бөлек кеңес құруды дәстүрге айналдырған. Аудандардан, ауыл-аймақтардан келген ұстаздар сабақты өткізудегі проблемаларымен бөлісіп, жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтармен танысады. Мәселен, биыл мектептерде дене тәрбиесі пәні аптасына үш сағат, колледждерде төрт сағатқа көбейтіледі. Шахмат және шаңғы тебу сабақтары міндеттеледі. Ал, 1-4 сынып оқушыларына спорт сабағын класс жетекшісі емес, арнайы білімі бар педагогтың жүргізуі талап етіледі. Жайсаң көпсалалы колледжі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Болат Шаңдыбасовтың айтуынша, қазіргі балалардың спортқа қызығушылығы аз. Жеткіншектердің миын ғаламтор жаулап алған. Облыста дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері әлі де жетіспейді. Шамамен 200 педагог қажет. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін екі жыл бұрын арнаулы орта оқу орындарында дене тәрбиесі мұғалімдерін дайындайтын факультеттер ашылған. Қазір мұндай мамандар Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтынан бөлек, Ойыл ауданындағы аграрлық колледжде, Ақтөбе мұнай және газ колледжі мен ауылшаруашылық колледжінде даярланады. Педагогтарды толғандырып отырған тағы бір түйткіл - спорт мектептерінде нұсқаушылар аз. Облыс бойынша 230 спорт нұсқаушысы бар. Үйірмелерді жүргізетін мамандар жарты жүктемемен жұмыс жасайды. Жалақысы мардымсыз орында тұрақтайтындар сирек. Сондықтан, бұл мәселемен қазір облыстық ғылыми -әдістемелік орталықтың мамандары айналысып жатыр. Олар Білім және ғылым министрінен нұсқаушыларға толық жүктеме беруді талап етпек. Бүгінде облыстағы 445 мектепте 1 мың 253 дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі қызмет етеді. 3 мыңнан астам спорт үйірмесі жұмыс жасайды. Оларға оқушылардың 35 пайызы қатысып жүр. |
Количество показов: 2396
Дата создания: 29.08.2013 18:25:30