Облыс медбикелері төл мерекелерін атап өтті
Халықаралық медбикелер күні қарсаңында бүгін орта буын медицина қызметкерлері марапатқа ие болды. Достық үйінде өткізілген салтанатты шарада 40 ардагер медбике бағалы сыйлықтармен, 7-уі облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының ыстық ықыласына 70 медбике бөленді. Әлемде халықаралық медбикелер күні 12 мамырда аталып өтіледі. Бұл мерекенің туу тарихы 19 ғасырдан бастау алады. Кәсіби мейрам Қырым соғысы кезінде жараланғандарды күткен, әлемде алғаш қайырымдылық қорын құрған, әйгілі ағылшындық әйел, медбике ісінің негізін қалаушы Флоренс Найтингейлдің туған күніне орай өткізіледі. Бұл мереке биыл Ақтөбеде ұлы жеңіс күні қарсаңында атап өтіліп отыр. Еңбектері еленген 12 медбикеге облыс және қала әкімінің алғыс хаттары табысталды. Олардың арасында қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас медбикесі Роза Разина мен қарттар дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Альбина Харина бар. Орта буын медицина қызметкерлері білімді Ақтөбе медицина колледжінде алған. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базалары жақсарып, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайлары түзелді, жалпы медицина мамандығына деген көзқарас өзгерді, мәртебесі жоғарылады дейді медбикелер. Қазіргі таңда облыстың медицина ұйымдарында 6500-ге жуық орта буын қызметкерлер жұмыс жасайды. Ол барлық медицина қызметкерлерінің 71 пайызын құрайды. 1594 медбике аудандық бөлімшелерде еңбек етеді. Қоса кетерлігі, 12-ші мамырға дейін кәсіби білімдерін көрсетуден сайысқа түскен облыстың ең "Үздік медбикесі", "Үздік жедел жәрдем фельдшері" анықталмақ. |
Количество показов: 2496
Дата создания: 08.05.2013 19:19:20