Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралады
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен "Дару" медициналық оңалту орталығының тұсауы кесілді. Сәңкібай батыр даңғылы бойында орналасқан бұл емдеу мекемесінің жалпы ауданы 7 мың шаршы метр. Бір мезгілде 300 науқасты қабылдауға қауқарлы орталықтың жобалық құны 1 млрд. 645 млн. теңгені құрайды. "Дару" медициналық оңалту орталығы әлемге белгілі Франция, Германия, Швейцария, Жапония, АҚШ елдерінің брендті медициналық құрал жабдықтарымен жабдықталған. Нысан құрылысы "Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Мұнда заманауи технологиялардың көмегімен ересектер мен балаларды оңалту терапиясы жүргізіледі. Орталық қазірдің өзінде тегін кепілді медициналық көмек көрсетуге мемлекеттен 68 млн. теңге көлемінде тапсырыс алған. Бұдан басқа жергілікті бюджет есебінен де біршама қаражат бөлінеді. Орталықта қызмет атқаратындардың 50 пайыздан астамы жоғары санатты дәрігерлер. Клиника 3 негізгі бағытта жұмыс жасайды. Мұнда ерте және кеш оңалтумен қатар науқастарды қайта қалпына келтіру терапиясы да жүргізіледі. Емдеу мекемесінде осы мақсаттарға арналған қуатты физиотерапия бар. Соның бірі Швейцарияның НОСОМА компаниясы шығаратын локомат аппараты. Аталмыш аппарат ортопедиялық науқастардың қайта жүріп кетуіне көмегін тигізеді. Өңір басшысы бас сұққан келесі нысан ол "Батыс-2" ықшам ауданындағы құрылысы қарқынды жүріп жатырған жүзу бассейні. Құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын жобаның құрылысы өткен жылдың жазында басталды. Бассейн өзінің мақсаты жағынан спорттық және синхронды жүзу, су добы үшін жабдықталған. Синхронды жүзу бойынша нысан бір мезгілде 400 көрерменді қабылдай алады. Ал спорттық жүзуге арналған бассейннің ұзындығы 50 метр. Сондай-ақ орталық тәулігіне 10 ауысымда 2500 адамды қабылдауға қауқарлы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов одан әрі Әкімжанов көшесінен Әз-Наурыз көшесіне дейінгі жол өтпесінің құрылысымен танысты. Қаламыздың ескі бөлігін 11 ықшам ауданмен жалғайтын көпірдің құрылысы өткен жылдың күзінде басталған болатын. Жоба құны 4 млрд теңгеге жуық. Ұзындығы 568 метрді құрайтын көпір үстіміздегі жылдың қазан айында пайдалануға берілуі тиіс. Аталмыш көпір болашақта Автовокзал ауданындағы қысыл таяңда орын алатын көлік кептелісі мәселесін түбегейлі шешуі тиіс. Сондай-ақ алдағы уақытта көпірмен қиылысатын Некрасов, Әз-Наурыз көшелері де кеңейтілетін болады. Қазір осы жобаларға қатысты дайындық жұмыстары жүруде. |
Количество показов: 2500
Дата создания: 22.05.2013 18:33:44