Қоқыс сұрыптайтын кешен ашылды
Былтыр күзде құрылысы басталған кешенде пластик, әйнек, ағаш пен метал бұйымдарының әрқайсысы бөлек-бөлек жиналады. Кәсіпкерлер осылайша, қаладан шығатын қоқыстың көлемін азайтуды көздейді. "Таза қала технологиялары! Барлығын кәдеге жарат!" деген ұрандары да алыстан айқайлап тұр. Жоба құны 1 млн. АҚШ доллары. Кешенде тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы технологияның көмегімен 100-ден аса адам сұрыптайды. Олар 2 ауысымда қызмет қылады. Пластик қалдықтарынан өз жерімізде кәріз шұңқырларына арналған қақпақтар жасалады. Көлік резеңкелері де болашақта Ақтөбеде өңделеді. Ал, ағаш қалдықтарынан отқа жанбайтын, соққыға шыдамды жаңа құрылыс материалы дайындалатын болады. Оны жеке кәсіпкер Ғабит Ордабаев қолға алған. Кірпіштің 80 пайызы ағаш, қалған 20-сы цементтен тұрады. Үй салуға болатын кірпіш 50 жылға дейін жарамды. Ал, күзге таман қаланың әр бұрышында пластик қалдықтарын салатын арнайы жәшіктер пайда болады. Оны орнатуды "Союз Грант" ЖШС-і қолға алады.
Количество показов: 1531
Дата создания: 15.05.2017 18:26:40