Болашақ дәрігерлер сынақ тапсыруға қарсы шықты
Бүгін М.Оспанов атындағы БҚМУ-дың жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығының 6-курс студенттері университет алдына жиналды. Студенттер объективті құрылымды клиникалық тексеру емтиханын тапсырмаймыз деп отыр. Себебі, бұл пәннен жинайтын балл олардың болашағына кері әсерін келтіруі мүмкін. Біліміне сенген студенттер «жоғары балды алып шығуға шамамыз келеді», — дейді. Әйтсе де, болашақта резидентураға тапсырған сәтте бұл пәннен жинаған балымыз кері әсерін тигізіп, түсе алмай қаламыз деп алаңдап, өз наразылықтарын білдірді.Ал, оқытушылар болса, бұл — жансақ пікір дейді. Университет талабына сай олар бұл пәннен емтихан тапсыруға міндетті. Егер, олар арнаулы, яғни жедел коронарлы синдром, жүрек-өкпе реанимациясы, травма кезіндегі көмек, коммуникативті дағдылар, анафилактикалық шок пәндерін қамтитын объективті құрылымды клиникалық тексеру емтиханын тапсыруы керек. Себебі, бұл студенттер — болашақ дәрігерлер. Ал, олар арнаулы емтиханды тапсырмаса, ертеңгі маман білікті болып шықпайды, дейді. Университеттің өз академиялық саясаты бар. Ол-болашақ адам жанын ажалдан арашалап алатын әрі абзал, әрі адал азаматтарды көру. Өйткені, дәл осы мамандық иесін ауыр міндеттер, жауапты кезеңдер күтіп тұрғаны анық. Күні кеше 6-курста оқитын 135 студент объективті құрылымды клиникалық тексеру емтиханын тапсырды. Ең орташа балл 85 балды құрайды. Әрине, тапсыра алмағандар да бар. Олар дайындалып келіп, қайта тапсыруы керек. Айта кетейік, Қазақстанда медициналық жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсу қиындамақ. Министрліктің пікірінше, медициналық жоғары оқу орындарында студенттер тым көп. Бұл білім беру ресурстарының шамадан тыс жүктелуіне және білім сапасының төмендеуіне әкеліп соғады екен. Гиппократ антын қабылдаған соң ақ желеңді абзал жандардың білімді болуы маңызды. Білікті де, білімді, қайырымды да қайратты дәрігер қоғамымызда мол болсын десек, аталмыш мамандық таңдаған жандар сыннан өтуге қашпауы тиіс.Количество показов: 300
Дата создания: 17.05.2024 06:17:10