Қоқыс көліктеріне GPS орнатылды
Қала көркейіп, тұрғындар тынығатын орындар көбейеді. Алдағы жылы 12-ші ықшам аудан мен қаланың ескі бөлігінде саябақтар ашу жоспарда бар. Бүгін "Таза қала" ЖШС-інің жұмысымен танысып, бас даңғылдағы Шахматшылар алаңқайын аралап көрген қала әкімі Ерхан Омаров қаланы көркейту жоспарымен бөлісті. Жергілікті атқарушы билік қаланың тазалығы үшін жауапты мекемеге 5 жаңа техника алып берді. Төртеуі- жанынан тиелетін ал біреуі-артынан тиелетін қоқыс шығарушы көлік. "Таза қала" ЖШС директоры Ербол Қалдығұловтың айтуынша, су жаңа көліктердің артықшылығы көп. Халықаралық Еуро-4 стандарттарына сай келеді, күніне әр көлік қоқыс полигонына 3 мәрте қатынай алады. Тағы бір оңтайлысы- барлық көлік GPS қондырғысымен жабдықталған. Бұл көліктердің қай бағытта, күніне неше мәрте қоқыс апарғанын, жұмысын қалай атқарғандығын бақылауға мүмкіндік береді. Әр қондырғының құны- 80 мың теңге. Қазір кәсіпорынның 20 қоқыс шығаратын көлігі бар. Қаланың ескі бөлігінің, 11-12 ықшам аудандар, Мәскеу, Құрмыш, Сазды, Қалалық сүт зауыты аудандарының тазалығына жауап береді. Қарауында 188 контейнер алаңы бар. Шаһар басшысы Ерхан Омаров тазалық мекемесінің басшысына су жаңа көліктерге арқа сүйеп, ескілерін кейінге ысырып тастамау керектігін ескертті. Жаңа көліктерді тәжірибелі жүргізушілер тізгіндесін, жастарға үлгі көрсетсін деді. Тазалық мекемесінен соң шаһар басшысы Әбілқайыр хан даңғылындағы Шахматшылар алаңқайын аралап көрді. Жұмыстар толықтай келесі айдың басында аяқталады. Көркейту жұмыстарына 15 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Тұрғындар тынығатын орын толықтай жаңартылады. Бұрынғы темір шахмат фигуралары пластмассалы-әйнектен жасалғанына ауыстырылған. Ал шахмат тақтасы мәрмәр мен граниттен соғылды. Қаланың ескі бөлігіндегі Пушкин атындағы саябақтың жайына алаңдайтындар аз емес. Бұл мәселені айтып, шаһар басшысына құлаққағыс еткендер де болыпты. Әлия Молдағұлова мен Әбілқайыр хан даңғылдарының қиылысындағы субұрқақ та жаңа кейіпке енеді. Электр сорғылары ауыстырылып, тот баспайтын қондырғылар орнатылды, тостағандары жаңартылды. Құрылыс жұмыстары желтоқсанда аяқталады. |
Количество показов: 2114
Дата создания: 21.10.2013 18:39:41