Нашақорлар мен жүйке ауруына шалдыққандар көлік айдап жүр
Ақтөбеде нарко және психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған 15 адамға жүргізушілік куәліктері берілген. Бұл деректі жол полициясы басқармасында жүргізілген тексерулер кезінде қала прокурорлары анықтады. Сорақысы сол - нашақорлар мен жүйке жүйесі бұзылғандар әлі күнге дейін көшелерде көлік айдап жүруі мүмкін. Ал, оларға анықтама берген екі диспансердің дәрігерлері тәртіптік жазамен құтылды. Есірткіге құштар бола тұра, еш кедергісіз жүргізуші куәлігіне қол жеткізген ақтөбеліктердің көлікті қанша уақыттан бері тізгіндеп жүргені белгісіз. Прокурорлар бұл жайтқа биыл мамыр айында жол полициясы басқармасының қызметін тексеру кезінде тап болған. Жүргізуші куәлігі психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жеті адамға және нашақор ретінде тіркелген сегіз тұрғынға берілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қалиев бұл деректі бүгін растады. Бірақ, ол 15 анықтаманың сегізі - жалған, қолдан жасалған құжаттар деп отыр. Қарамағындағы қызметкерлері қателікке жол берген екі диспансердің бас дәрігеріне ескерту жасалды. Анықтама берген мамандар тәртіптік жазамен ғана құтылды. Ешкім жұмыстан шығарылған жоқ. Ал, қолдан құжат жасайтындарға тосқауыл болу үшін анықтама қағазы кезең сайын өзгертілетін болды. Прокурорлар қазір жүргізуші куәліктерін жарамсыз деп тану үшін істі сотқа жіберіп жатыр. Жол полициясы басқармасы қызметкерлеріне жүргізуші куәліктерін беруде аса мұқият болу ескертілді. Сот шешімі шықпайынша, жүргізуші куәліктері иелерінде болады. Демек, нашақорлар мен жүйке жүйесі бұзылғандар әлі күнге дейін көшелерде көлікпен серуендеп жүруі әбден мүмкін. |
Количество показов: 2064
Дата создания: 04.09.2013 19:02:29