Ұн комбинатында дау шығарған бөгде затқа байланысты тексеріс жүргізіліп жатыр
Өткен жаңалықтарымызда ақтөбелік зейнеткердің ұнның арасынан әйелдердің гигиеналық затын тауып алғанын айтқан болатынбыз. Кейуананың сөзінше қыз-келіншектердің пайдаланылған гигиеналық заты кәдімгі 25 келілік ұнның арасынан шыққан. Бүгін болған жағдайға қатысты Жаңа Әлжан диірмен комбинатының басшылары түсінік берді. Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты басшыларының айтуынша мұндағы бидайды қабылдау мен оны ұнтау, одан шыққан ұнды қаптау процесстерінің бәрі адамдардың қатысуынсыз, автоматтандырылған жүйеде жүзеге асырылады. Сондықтан да мұндағы дайын өнімнің құрамында қандай да бір бөгде заттың болуы тәжірибе жүзінде мүмкін емес. Ал зейнеткерге қатысты болған жағдайға байланысты қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Беделіне нұқсан келтіретін оқиғадан кейін Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты бүгін ашық есік күнін өткізді. Судан таза, сүттен ақпыз деп отырған Жаңа-Әлжан диірмен комбинатының ұстанымын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары қолдап отыр. Олардың айтуынша диірмен комбинаты облысымыздағы ұн өнімдерін өндірумен айналысатын белді компаниялардың бірі. Сондықтан да әлгі кейуананың қылығы атқамінерлердің айтуынша бетке ұстар кәсіпорынның беделіне нұқсан келтіреді. Компания басшыларының айтуынша әлгі бөгде зат ұнның ішінде кәсіпорыннан тыс жерде пайда болған. Сондай-ақ бұл жағдай бәсекелестер арасында орын алатын қасқөйлік әрекет болуы да әбден мүмкін. Оның үстіне қаптың аузын тігетін арнайы құралдарды кез-келген сауда нүктелерінен табуға болады. |
Количество показов: 2452
Дата создания: 04.04.2013 19:24:48