Мысыр еліне сапар шегуге тиым салынды
Дәл саяхаттау маусымының қызып тұрған шағында Мысыр еліне сапар шегуге тиым салынды. Аталған елде қазір-коменданттық сағат. Кеше Каирдың қақ ортасында қанды қырғын болды. Одан бірнеше жүздеген адам көз жұмып, мыңдаған адам жараланған. Қазір мұздай қаруланған сарбаздар көтерілісшілердің қолдан жасаған бекеттерін ауыр әскери техникамен талқандап жатыр. Мысырдағы тұрақсыз ахуалға байланысты еліміздің сыртқы істер министрлігі аталған елге баруға тиым салды. Мысыр елінің 14 провинциясында коменданттық сағат жарияланды. Нағыз демалыс аймағы Шарм-эль-Шейхте де шектеулер енгізілгенімен, кейін күшін жойған. Дегенмен саяхатшылар жүретін жағажайлар адам өмірі үшін өте қауіпті. Ал бас қала Каирдегі ахуал мүлде ушығып барады. Президент жақтастары мен қарсыластары арасындағы қақтығыс елде демалып жатқан саяхатшылардың үрейін ұшырған. Мұхаммед Мүрсиді қолдаушылар оппозиционерлердің шатырларын бұзуға әрекеттенген. 1 тәулікке созылған қарулы қақтығыстардан алты жүзден астам адам көз жұмған. Жараланғандардың саны сан мыңдап саналады. Сондықтан сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына Мысырға бармау туралы ескертті. Бұл туралы ресми өкіл Асқар Әбдірахманов "Мысырдағы жағдай тұрақтанған жоқ. Ондағы қақтығыстар адам өміріне қауіпті"- деп атап өтті. Ақтөбелік туристік агенттіктер де азаматтарды Мысырға жібермеуде. Перғауындар елі саяхатшылар арасында сұранысқа ие болғанымен, шекарадан асып шыға алмайтындар жетерлік. Сондықтан тынышы қашқан әлдебір елде қорқасоқтап демалыс өткізгенше, қалада жүре бергенді дұрыс санайды көп жерлесіміз. Тынышы кеткен Мысырдың 27 провинциясының жартысынан көбі әскерилердің бақылауында. Сыртқы істер министрлігі Мысыр астанасы Каирде 136 студентіміз білім алуда деп ақпарат таратты. Бұдан бөлек Мысырды 114 қандасымыз тұрақты мекен етеді екен. |
Количество показов: 1918
Дата создания: 16.08.2013 18:05:02